Депутат: «Самұрық-Қазына» – Қазақстан экономикасының драйвері емес, тежеуіші
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов Премьер-министрдің атына сауал жолдап, «Самұрық-Қазына» қорын қазіргі күйінде сақтап қалу қаншалықты ақылға қонымды екенін сұрады.

- Елдің жалпы ішкі өнімінің 50 пайызына дейінгі активтерді жалғыз қорға шоғырландыру және оған сырттан уақтылы аудит жасауға мүмкіндіктің жоқтығы басқаруды тиімсіз етіп, тоқырауға әкеледі. Талдаулар қордың «ҚазМұнайГаз», «Қазақстан темір жолы», «KEGOC» сияқты негізгі активтерінің рентабельділігі азайып, қаржылы көрсеткіштері түскенін, борыш жүктемесінің артқанын көрсетіп отыр. Қордың сатып алу шаралары мен басқару ісіндегі жүйелік теңгерімсіздіктерді жоймас, «Самұрық-Қазына» экономикалық дамудың драйвері емес, тежеуіші болып қала береді, - деді ол.
Оның пайымдауынша, «Самұрық-Қазынаны» толықтай институционалдық тұрғыдан қайта жүктеу керек. Сонда ғана ол бәсекеге қабілетті экономикалық дамыту платформасына айналар еді.
Әділ Жұбанов сауал соңында Үкімет алдына бірнеше ұсыныс тастады. Олар:
- Қордың және еншілес кәсіпорындарының жұмысына сырттан тәуелсіз әрі халықаралық сарапшыларды тарта отырып, жан-жақты аудит жүргізу;
- Қордың құрамындағы логистика, құрылыс, телекоммуникация, жер қойнауын игеру, қайта өңдеу саласындағы активтерін біртіндеп бәсекелі ортаға беру;
- Қысқа мерзімде қорды трансформациялау;
- Қордың директорлар кеңесін халықаралық деңгейдегі тәуелсіз кәсіпқойларды тарту арқылы жаңарту.
Бұған дейін осы депутат Әділ Жұбанов «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамын таратып жіберуді ұсынған болатын.
Кейін ұлттық әл-ауқат қорының өкілдері оның сынына жауап берген болатын.