«Сатурн» дисквалификациядан кейін Еркебұлан Тоқтарды жекпе-жекке шақырды

АСТАНА. KAZINFORM — Өзбекстандық ММА файтері Оғабек «Сатурн» Абдумуминов қазақстандық спортшы Еркебұлан Тоқтарға үндеу жасап, оны жекпе-жекке шақырды, деп хабарлайды INFORMSPORTS .

Фото: Әлеуметтік желіден

Абдумуминов қарсыласымен Қырғызстанда ММА ережесі бойынша кездесуге дайын екенін мәлімдеді.

- Еркебұлан менімен ММА бойынша жұдырықтасатынын айтып, келеке етті және Instagram парақшасында сторис жариялады. Жарайды, қалай болғанда да, мен де жаңа ғана жекпе-жектен шықтым. Қарсыласымның әрекеті мен төрешінің шешімінен кейін түсініксіз жағдайда жүрмін. Бірақ тағдырдың жазғанын көреміз. Еркебұлан, мен сенімен Қырғызстанда жұдырықтасуға дайынмын. 70 келі салмаққа түсе алсаң, жақсы болар еді. BMF белбеуі үшін ММА жекпе-жегін өткізетін уақыт келді. Үш раунд болсын, бес раунд болсын – бәріне дайынмын. Бірақ сен өз сөзіңе жауап бере алмайсың. Мұны тағы да қайталаймын. BMF белбеуі 70 келі салмақта сарапқа салынады. Егер сөзіңде тұратын болсаң, кездесеміз. Мені сториске салып, түрлі әңгіме айттың. Енді көрейік. Мен дайынмын, – деді Абдумуминов.

Айта кетейік, бұған дейін Еркебұлан Тоқтар Instagram желісінде қараша айында Қазақстанда өтетін турнирде «Сатурнды» еш қиындықсыз жеңетінін мәлімдеген болатын.

Еске салайық, Ташкентте өткен IBA Nomad 16 жұдырықтасу турнирінде Оғабек Абдумуминовтың қазақстандық Әділет «Упучук» Айтжановқа қарсы дебюттік кездесуі жанжалмен аяқталды.

Жекпе-жектің бірінші раундында «Сатурн» төреші кездесуді тоқтатқаннан кейін қарсыласының басынан қатты соққы жасаған. Осы әрекеті үшін өзбекстандық спортшы дисквалификацияланып, жеңіс Әділет Айтжановқа берілді.

Осы оқиғадан кейін Абдумуминов Еркебұлан Тоқтарға ашық түрде шақыру тастап, 70 келі салмақта BMF белбеуі үшін жұдырықтасуға дайын екенін жеткізді.

Айта кетелік Еркебұлан Тоқтардың келесі қарсыласы кім болады: үш үміткер белгілі болған еді.