Коалиция өкілі, бригадалық генерал Турки әл-Малики X әлеуметтік желісіндегі парақшасында хуситтер дрон арқылы Йеменнің оңтүстігіне шабуыл жасауға әрекеттенгенін мәлімдеді.
— Хуситтердің террорлық топтары оңтүстік аймаққа қарай ұшырған ұшқышсыз ұшу аппараты әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері арқылы жойылды, — делінген әл-Маликидің мәлімдемесінде.
Бұған дейін Араб коалициясы Иран қолдайтын хуситтердің Сауд Арабиясының оңтүстік-батысындағы Джазан мұнай өңдеу зауытына шабуыл жасағанын хабарлаған еді. Сауд Арабиясының Энергетика министрлігінің мәліметінше, шабуыл салдарынан бір жұмысшы қаза тауып, бірнеше адам жарақат алған. Сондай-ақ нысандағы өндірістік жұмыстардың бір бөлігі уақытша тоқтатылған.
Хуситтердің Сауд Арабиясына шабуылы
Йемендегі дағдарыс 2014 жылғы қыркүйекте Иран қолдайтын хуситтер ел астанасы Сана мен бірқатар өзге аймақты бақылауына алғаннан кейін шиеленісе түсті.
Бұған жауап ретінде Сауд Арабиясы бастаған Араб коалициясы 2015 жылғы наурыздан бастап Йеменнің халықаралық деңгейде мойындалған үкіметіне қолдау көрсете бастады.
2022 жылғы сәуірде бітім күшіне енгеннен кейін елде салыстырмалы түрде тыныш кезең орнады. Алайда шілдеде қақтығыстар қайта өршіп, жергілікті жерлердегі күштердің арақатынасы өзгерді.
Иран қолдайтын хуситтер Йемен үкіметінің бақылауындағы аумақтарға шабуылдарын күшейтіп, Сауд Арабиясына да баллистикалық зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы соққы беріп келеді.
Еске салайық, бұған дейін Йемендегі «Ансаруллах» қозғалысы (хуситтер) Сауд Арабиясындағы «Рас-Таннура» мұнай өңдеу зауыты мен король Абдалла атындағы қаржы ауданына соққы жасағанын мәлімдеген еді.