Хуситтер Сауд Арабиясындағы мұнай өңдеу зауыты мен қаржы орталығына соққы жасады

АСТАНА. KAZINFORM — Йемендегі «Ансаруллах» қозғалысы (хуситтер) Сауд Арабиясындағы «Рас-Таннура» мұнай өңдеу зауыты мен король Абдалла атындағы қаржы ауданына соққы жасағанын мәлімдеді. Бұл туралы Anadolu жазды.

Хуситтер Сауд Арабиясындағы мұнай өңдеу зауыты мен қаржы орталығына соққы жасады
Фото: Анадолу

Бұл жөнінде хуситтердің әскери өкілі Яхья Сариа мәлімдеді.

Хабарламаға сәйкес, шабуылдар Сауд Арабиясының Йеменге жасаған соққыларына жауап ретінде ұйымдастырылған. Атап айтқанда, Лахдж провинциясының Әл-Мукатара ауданында жолаушылар автобустары мен жүк көліктеріне жасалған шабуылдар себеп болған.

Хуситтердің мәліметінше, Сауд Арабиясының Шығыс провинциясында орналасқан «Рас-Таннура» мұнай өңдеу зауытына жасалған соққыдан кейін кәсіпорында өрт шыққан.

Ал екінші соққы Эр-Риядтағы король Абдалла атындағы қаржы ауданына бағытталған. Қозғалыс өкілдері нысанға айтарлықтай залал келгенін мәлімдеді.

Йеменде 2014 жылдың қыркүйегінде Иран қолдайтын хуситтер ел астанасы Сана мен бірқатар провинцияны бақылауына алғаннан кейін азаматтық соғыс басталды.

2015 жылдың наурызынан бастап Сауд Арабиясы бастаған араб коалициясы Йеменнің халықаралық деңгейде мойындалған үкіметіне қолдау көрсетіп келеді.

Кейінгі уақытта үкімет әскерлері мен хуситтер арасындағы қақтығыс күшейген. Иран қолдайтын қозғалыс баллистикалық зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдаланып, Сауд Арабиясының аумағына соққы беріп келеді. Хуситтер мұны корольдіктің шабуылдарына жауап деп түсіндіреді.

Еске салайық, 14 қарашада хуситтер Эр-Рияд әуежайы мен Сауд Арабиясындағы мұнай құбырына соққы бергенін хабарлады.

Йемен үкіметі хуситтерді «террористік ұйым» деп танып, олардың кез келген қызметі мен қаржыландырылуы үшін қылмыстық жауапкершілік қарастыратын заңның күшіне енгенін мәлімдеді.