Йеменде хуситтерді террористік ұйым деп тану туралы заң күшіне енді

АСТАНА. KAZINFORM — Йемен үкіметі хуситтерді «террористік ұйым» деп танып, олардың кез келген қызметі мен қаржыландырылуы үшін қылмыстық жауапкершілік қарастыратын заңның күшіне енгенін мәлімдеді. Бұл туралы Anadolu агенттігі жазды.

Йеменде хуситтерді террористік ұйым деп тану туралы заң күшіне енді
Фото: Hani Mohammed

Йеменнің SABA ақпарат агенттігі әлеуметтік желілерде жариялаған мәліметке қарағанда, Иран қолдайтын хуситтерді «террористік ұйым» деп жіктейтін 2026 жылғы № 1 заң 18 қараша, сәрсенбі күні күшіне енді.

Жаңа заңда бейбіт тұрғындарға шабуыл жасағаны және халықаралық теңіз қатынасының қауіпсіздігіне қатер төндіретін әрекеттері үшін жазаны қатаңдату көзделген.

Сондай-ақ құжат хуситтер қозғалысын қаржыландыру көздерін тоқтатуға және оған қатысы бар адамдарды жауапқа тартуға бағытталған.

Сонымен бірге Йемен билігі заңды іске асыру кезінде заңды гуманитарлық көмек пен коммерциялық қызметтің қорғалатынына кепілдік берді.

Хуситтердің күтпеген шабуылынан кейін әлем назары тағы Йеменге ауды. Хусит жасақтары Баб әл-Мандаб бұғазына жақындап, әлемдік саудада аса маңызды болып саналатын бағыттардың біріне қауіп төндірді. Йеменге жақтасатын Сауд Арабиясы жергілікті билік жоғалтқан аумақтарды қайтару үшін қарымта шабуылға шыққанын жариялады. Хуситтер қалайша оңтүстікке соншалықты жылдам ішкерілеп кетті, Эр-Риядтың жауабы қаншалықты ауқымды болуы мүмкін? Kazinform агенттігінің халықаралық шолушысы Сұлтан Әкімбеков осы сұрақтарға жауап іздеп көрді.

Еске салайық, бұған дейін Йемен үкіметінің қарулы күштері елдің уақытша астанасы саналатын Аден қаласының қорғанысын күшейту мақсатында Баб әл-Мандаб бұғазы маңындағы әскерін шегіндіретінін мәлімдеген еді.