Сауд Арабиясы, Пәкістан және Түркия әскери ынтымақтастықты күшейтеді

АСТАНА. KAZINFORM – Сауд Арабиясы, Пәкістан және Түркияның әскери басшылығы бірлескен қорғаныс жөніндегі Мекке келісімі аясындағы міндеттемелерді орындау және әскери ынтымақтастықты одан әрі нығайту қажеттігін мәлімдеді, деп хабарлайды Tasnim .

Фото: Түркия Қорғаныс министрлігі

Эр-Риядта үш елдің әскери басшылығының кездесуі өтті. Тараптар қауіпсіздік саласындағы жағдайды және Сауд Арабиясы тап болып отырған қатерлерді талқылады.

Агенттік Пәкістан армиясының мәлімдемесіне сілтеме жасап хабарлағандай, кездесу қатысушылары «Ансар Аллах» қозғалысының Сауд Арабиясына, соның ішінде экономикалық инфрақұрылым нысандарына жасаған шабуылдарын айыптады.

Әскери өкілдер сондай-ақ үш елдің қарулы күштері арасындағы өзара іс-қимылды кеңейту, ақпарат алмасу, үйлестіруді күшейту және әскери мүмкіндіктерді интеграциялау мәселелерін қарастырды.

Tasnim мәліметінше, бұл шаралар тежеу әлеуетін және ұжымдық қорғаныс тетіктерін нығайтуға бағытталған.

Кездесуге қатысушылар Сауд Арабиясының қауіпсіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғауға бейілді екенін де растады.

Айта кетейік, бұған дейін Сауд Арабиясы, Түркия және Пәкістанның Бас штаб бастықтары Мекке келісімі аясында Эр-Риядты қолдау мәселесін талқылайтыны хабарланған еді.