Сауд Арабиясы ірі инвестициялық форумды 2027 жылға шегерді

АСТАНА. KAZINFORM — Сауд Арабиясындағы қауіпсіздіктің шиеленісуіне байланысты Эр-Риядта 26-29 қазанға жоспарланған іс-шара кейінге қалдырылды.

Фото: Saudi Press Agency

«Шөл даланың Давосы» деп аталатын Future Investment Initiative (FII) халықаралық инвестициялық форумның ұйымдастырушылары дүйсенбі күні 26-29 қазан аралығында Эр-Риядта өтетін оныншы мерейтойлық іс-шараның 2027 жылға шегерілгенін хабарлады.

Мұндай шешім Сауд Арабиясындағы нысандарға йемендік хуситтердің зымыран және дрон шабуылдары жиілеген тұста қабылданған.

Форумның жаңа өтетін күні жақын арада жарияланады. Бұған дейін рәсімделген тіркеулер мен серіктестік келісімдер өз күшін сақтайды.

FII институтының бас директоры ханшайым Маха бинт Мишари бин Абдель Азиз форумды кейінге шегеру туралы шешім шараны жоғары деңгейде ұйымдастырып, халықаралық қатысушылардың толыққанды өкілдігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданғанын айтты.

Оның сөзінше, ұйымдастырушылар он жылдық жетістіктерді, стратегиялық әріптестік пен бірлескен бастамаларды қамтитын мерейтойлық форум өткізуді көздеп отыр.

Алайда ресми мәлімдемеде форумды кейінге шегеру қауіпсіздік жағдайының ушығуына тікелей байланыстырылмаған.

Reuters мәліметінше, форумды қатысушылардың бір бөлігі онлайн қатысатын аралас форматта өткізу нұсқасы да қарастырылған. Алайда кейін іс-шараны тұтастай 2027 жылға шегеру туралы шешім қабылданды.

Semafor басылымының мәліметінше, ірі халықаралық банктер мен инвестициялық қорлардың басшылары алдағы форум кезінде туындауы мүмкін қауіпсіздік қатерлеріне алаңдаушылық білдірген.

Қауіпсіздікке қатысты алаңдаушылық Сауд Арабиясының мемлекеттік инвестициялық қорының басшысы Ясир ар-Румайянға жеткізілген. Ал компания жетекшілеріне форумға жеке қатысуға қатысты қысым көрсетілген.

Алдын ала жарияланған бағдарламаға сәйкес, форумға Goldman Sachs директорлар кеңесінің төрағасы әрі бас директоры Дэвид Соломон, Standard Chartered басшысы Билл Уинтерс және Citigroup бас директоры Джейн Фрейзер қатысады деп жоспарланған.

Future Investment Initiative форумы Сауд Арабиясы мемлекетінің қолдауымен өткізіледі. Соңғы жылдары ол жаһандық инвестицияларды талқылайтын жетекші халықаралық алаңдардың біріне айналды. Дүниежүзілік экономикалық форуммен ұқсастығына байланысты бұл шара бейресми түрде «Шөл даланың Давосы» деп аталады.

Эр-Рияд үшін бұл форумның маңызы зор. Ол корольдіктің мұнай кірісіне тәуелділігін азайтып, туризм, спорт, технология және өзге де мұнайдан тыс салаларға қомақты инвестиция тартуды көздейтін Vision 2030 экономикалық жаңғыру бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған.

Форумның кейінге шегерілуі Сауд Арабиясы мен Иран қолдайтын йемендік хуситтер арасындағы қарулы қақтығыстың күрт шиеленіскен кезеңіне тұспа-тұс келді. Кейінгі апталарда хуситтер корольдіктің әскери, энергетикалық және азаматтық инфрақұрылымына, соның ішінде Saudi Aramco мемлекеттік мұнай компаниясының бас кеңсесі мен Эр-Рияд халықаралық әуежайына бірқатар шабуыл жасаған.

Бұған дейін Қазақстан мен Сауд Арабиясы энергетика, су және агроөнеркәсіп салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтіп жатқанын хабарлаған едік.