Бұл туралы Dawn газеті Пәкістанның Сыртқы істер министрі Мұхаммад Исхақ Дарға сілтеме жасап жазды.
Мұхаммад Исхақ Дар Исламабадта журналистермен кездесуде 7 тамызда қол қойылған келісімге қатысты пікір білдірді.
НАТО-ның Солтүстікатлантикалық шартының 5-бабына сілтеме жасаған министрдің айтуынша, Мекке келісіміне сәйкес үш елдің біріне жасалған ықтимал шабуыл барлық қатысушы елдерге жасалған шабуыл ретінде қарастырылады.
Дардың мәлімдеуінше, келесі аптада келісім аясында Сауд Арабиясындағы соңғы жағдайды талқылау үшін шұғыл отырыс өтеді.
— Біз Сауд Арабиясын қорғауға міндеттіміз, — деді министр.
Дардың сөзінше, алтыдан астам мемлекет келісімге қосылуға қызығушылық танытып отыр. Алайда ол бұл елдердің нақты атауларын атамады.
Ауғанстан мәселесіне тоқталған Пәкістан СІМ басшысы Исламабад бұл елге амандық пен тұрақтылық тілейтінін айтты. Сонымен қатар Ауғанстан билігінен ел аумағының Пәкістанға қарсы пайдаланылмайтынына кепілдік беруді талап ететінін жеткізді.
Мекке келісімі туралы
Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған, Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бин Салман және Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф 7 тамызда Меккеде бірлескен қорғаныс туралы келісімге қол қойған.
Түркия, Пәкістан және Сауд Арабиясы арасында жасалған құжат аймақтағы және әлемдегі тұрақсыздықтың күшеюі жағдайында қауіпсіздікті, бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға, сондай-ақ бірлескен тежеу мүмкіндігін арттыруға бағытталған.
Келісімге сәйкес, қатысушы мемлекеттердің кез келгеніне жасалған шабуыл барлық тарапқа жасалған шабуыл ретінде қарастырылады.
Сонымен қатар құжат аймақта ынтымақтастықтың жаңа мәдениетін қалыптастыруды көздейді. Халықаралық құқықты сақтайтын және бейбіт ынтымақтастық тұжырымдамасын қолдайтын басқа мемлекеттердің де келісімге қосылуына мүмкіндік қарастырылған.
Еске салайық, бұған дейін Сауд Арабиясы, Пәкістан және Түркия әскери ынтымақтастықты күшейтетінін хабарлаған едік.