Сауд Арабиясы Йемендегі хуситтердің зымыран зауыттарына соққы жасады

АСТАНА. KAZINFORM — Сауд Арабиясы бастаған араб коалициясы Йемендегі хуситтердің баллистикалық зымыран шығаратын бірнеше нысанына соққы берген. Бұл туралы коалицияның ресми өкілі Турки әл-Малики мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі ТАСС-қа сілтеме жасап.

Фото: Shafaq News

Оның айтуынша, әуе соққысынан баллистикалық зымырандар мен олардың бөлшектерін құрастыратын зауыт қираған.

Бұдан бөлек, қатты зымыран отынын өндіретін және араластыратын химия зауыты да талқандалған.

Сондай-ақ баллистикалық зымырандарға арналған электрондық жүйелерді құрастыратын цех жойылған.

Еске салайық, бұған дейін хуситтер Сауд Арабиясындағы Saudi Aramco компаниясының мұнай нысандарына екінші күн қатарынан соққы жасағанын мәлімдеген еді. Хуситтер өкілінің айтуынша, Абкайк қаласындағы кәсіпорындарға жасалған шабуылдан кейін өрт шыққан.