Хуситтер Сауд Арабиясындағы мұнай нысандарына екінші күн қатарынан соққы жасағанын мәлімдеді

АСТАНА. KAZINFORM — Хуситтер Сауд Арабиясына қарсы әскери операцияларын жалғастырып жатыр. Олар екінші күн қатарынан Saudi Aramco мұнай компаниясының нысандарына соққы жасағанын мәлімдеді. Бұл жолы корольдіктің шығысындағы Абкайк қаласында орналасқан кәсіпорындар шабуыл нысанасына айналған. Бұл туралы Kazinform агенттігі ТАСС-қа сілтеме жасап хабарлады.

Хуситтер Сауд Арабиясындағы мұнай нысандарына екінші күн қатарынан соққы жасағанын мәлімдеді
Фото: Anadolu

Хуситтердің әскери өкілі Яхья Сарианың айтуынша, шабуыл салдарынан мұнай нысандарында өрт шыққан.

— Операция Aramco компаниясының Абкайк қаласындағы нысандарына бағытталды. Соққы дәл тиді, соның салдарынан нысандарда өрт шықты, — деді ол.

Сонымен қатар Сарианың мәлімдеуінше, Эр-Риядтағы қаржы орталығына, Йеменнің әл-Джауф, Мариб және Лахдж провинцияларындағы араб коалициясы әскерлерінің позицияларына да соққы жасалған.

Алайда әзірше зымырандардың нысанаға тигені және өрт шыққаны туралы ақпарат тәуелсіз дереккөздер арқылы расталған жоқ.

Еске салайық, 8 қарашада Сауд Арабиясы хуситтер Эр-Рияд қаласына қарай ұшырған екі баллистикалық зымыранды атып түсіргенін хабарлады. Араб коалициясының өкілі Турки әл-Мәликидің айтуынша, екі зымыран да әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері арқылы жойылған.

Бұған дейін, 7 қарашада хуситтер Эр-Риядтағы Король Халид атындағы халықаралық әуежай мен Saudi Aramco мұнай нысандарына соққы жасағанын мәлімдеген еді. Яхья Сарианың сөзінше, баллистикалық және қанатты зымырандар, сондай-ақ ұшқышсыз ұшу аппараттары қолданылған алты әскери операция жүргізілген.