Сауда орталықтарында өрттен зардап шеккендерге шығын өтеледі
АСТАНА. KAZINFORM — Көпшілік жиналатын орындар иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру енгізілмек. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиева айтты.
— 2025 жылы көпшілік жиналатын орындар иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыруды енгізу жоспарланып отыр. Ауданы 2 000 шаршы метрден асатын сауда орталықтары мен ірі көпшілік жиналатын орындардағы өрттен зардап шеккендерге шығын өтеледі. Заң жобасы Парламент қарауында, — деді Мария Хаджиева Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Агенттік төрағасының орынбасары 2024 жылдың қазан айынан бастап медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін міндетті сақтандыру енгізілгенін атап өтті. Сақтандыру медицина қызметкерлерін де, пациенттерді де қорғауды қамтамасыз етеді.
— Ол дәрігерлердің кәсіби қызметіндегі қателіктер немесе кемшіліктер салдарынан туындауы мүмкін ықтимал шығындарды жабуға мүмкіндік береді. Бұған пациенттің денсаулығына зиян келтіргені үшін өтемақы, сондай-ақ сот істері болған жағдайда сот шығындарын жабу кіреді, — деді агенттік өкілі.
Оның айтуынша, аталған сақтандыру түрін құрамына 14 сақтандыру ұйымы кіретін бірыңғай сақтандыру пулы жүзеге асырады.
— Пул іске қосылғаннан бері 1 620 шарт жасалып, 186 мың медицина қызметкерінің жауапкершілігі сақтандырылды. Сақтандыру сыйлықақыларының жалпы сомасы 979 млн теңге болды. Бірыңғай сақтандыру пулының жарты жылдық жұмысы ішінде 35 млн теңге сомасында сақтандыру төлемдері жүзеге асырылды, — деді Мария Хаджиева.
Айта кетейік, 2024 жылы сақтандыру ұйымдарының жиынтық активтері 3,2 трлн теңгеге жетті. Сондай-ақ елімізде ипотекалық несиелерді сақтандырудың стандартталған шарттары енгізілмек.