Саябақтардан сән кетті: Ақтөбеде әкімдік пен кәсіпкерлер соттасып жатыр

Фото: Фото: ҚазАқпарат

Ақтөбеде 60-тан астам саябақ, гүлзар, аллея бар. Қазіргі кезде Тұңғыш Президент саябағы, сулы-жасыл бульвар және Пушкин атындағы саябақ ең үлкені әрі тұрғындар үшін ең қолайсызы болып отыр. Ақтөбенің ажарын кетіріп тұрған істен шыққан субұрқақтар мен жекенің қолындағы саябақтың жайын ҚазАқпарат тілшісі зерделеп көрді.

Ақтөбе облысы бойынша көпшілік жиналатын орындардың ұсқыны кетіп тұр. Жаз айында жеке демалыс орындары ғана келушілердің бар жағдайын жасап, қызмет көрсетуге әзір. Ал қаланың сәнін келтіруі тиіс аумақтың қазір олқы тұсы көп. Соның бірі қаланың ескі бөлігіндегі жалғыз демалыс орны – Пушкин саябағы.

Жекенің қолындағы саябақтың жерін әкімдік қайтарып алды

Ақтөбе қаласының әкімдігі мен «А.С.Пушкин атындағы қалалық саябақ» ЖШС-і арасындағы дау бірнеше жылға созылып келеді. 2020 жылы саябақ иесі Николай Выходец Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімін сотқа берді.

Фото: ҚазАқпарат

 

Іс материалына сүйенсек, 1991 жылдың 25 қаңтары күні қалалық халық депутаттар кеңесі А.Пушкин атындағы саябақты ұжымға беру шешімін шығарған. 1992 жылдың 29 қазанында Ақтөбе аумақтық мемлекеттік мүлік комитеті мен «А.С.Пушкин атындағы қалалық саябақ» ұжымдық кәсіпорын арасында сату-сатып алу келісімшарты жасалады.

Ал 1995 жылдың 21 қыркүйегі күні Ақтөбе қалалық әкімшілігі аумағы 23 583 шаршы метр болатын жер телімін ұжымдық кәсіпорынға беру туралы шешім шығарады. 1996 жылдың сәуір айында жерді «А.С.Пушкин атындағы қалалық саябақ» ЖШС-іне берілгенін растайтын акт алынды.

А.Пушкин атындағы саябақ орналасқан жер телімінің кадастрлық нөмірі серіктестікте болмай шықты. Парк орналасқан Шернияз көшесіндегі жер телімі – Ақтөбе қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне тиесілі.

Фото: ҚазАқпарат

 

Сондай-ақ, 2018 жылы қала әкімінің қаулысы шықты. Онда жер теліміне мемлекеттік мекеме жауапты деп жазылған. Николай Выходец осы қаулының күшін жойып, жердің иесін ЖШС-і деп тануды сұрағанымен, сот арызды қанағаттандырмады. 2020 жылы басталған іс әлі күнге дейін аяқталар емес. Сот шешімі бойынша «А.С.Пушкин атындағы қалалық саябақ» ЖШС-і жерді әкімдікке беруі тиіс. Ал оның үстіндегі түрлі аттракцион, дәмхана, тир сияқты заттарды кәсіпкер қажет болса өзі алып кете алады. Қазіргі кезде Н.Выходец сот орындаушыларымен соттасып жатыр.

"Біз сотта ұттық. Сот орындаушылар әлі жұмысын жүргізіп жатыр. Қазіргі кезде сот орындаушы мен парк иесі арасында сот отырысы жүріп жатыр. Жер қайтарылды, бірақ заттарын алып кетпей жатыр. Мемлекеттік мекеме мен парк иесі арасындағы сот бітті, шешім шықты, жер мемлекеттікі", - деді қала әкімі Азамат Бекет.

Тұңғыш Президент саябағы және сулы-жасыл бульвар

Ақтөбе қаласындағы Президент саябағы мен оның жанындағы сулы-жасыл бульвар – орталықта орналасқан. Қазіргі кезде қаладағы Президент саябағы балалардың ақылы ойын алаңына айналған. 5-10 минут үшін мұнда 500-1000 теңге сұрайды. Түрлі машина, самокат бар. Бұл аумақта биыл жасанды көлшік жасалып, шағын катамарандардың жүруіне рұқсат берілді. Саябақтың негізгі территориясы маңында көпшілікке сулы-жасыл бульвар атауымен таныс демалыс орны бар. Биыл ала жаздай мұнда құрылыс жүруі тиіс еді. Бірақ мердігер өте баяу жұмыс істеп жатыр.

"Ол жерде де қиындықтар бар. Субұрқақтарды қайта қалпына келтіруді міндетіне алған мердігер жұмысты атқармай, сотқа бердік. Бірақ сот біздің тарапты қолдамады. Кейін мердігер бізді сотқа берді. Мердігер келісімшарт аясында жұмысты жалғастырғысы келді. Бұл іс әлі күнге дейін қаралып жатыр", - деді Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет.

Фото: ҚазАқпарат

 

Еске салсақ, 2021 жылы Сулы-жасыл бульварды абаттандыруға 84,4 млн теңге бөлініп, жұмсалды. 2022 жылы «Ротонда» нысанындағы әріптер қайта түсіп, келісімшарттың кепілдік міндеттемелері негізінде қайта қалпына келтірілді. Қазіргі кейпіне қарасақ, мұнда жөндеу жұмыстары атқарылмағанға ұқсайды. Себебі қаріптері түсіп, тақтайшалары бөлініп, гранит тастары сынып жатыр. Субұрқақты жөндеу жұмысы мүлде жүргізілмеген.

Фото: ҚазАқпарат

 

Желілік саябақтың «жыры» ұзаққа созылып кетті

Ақтөбе қаласының жаңа Батыс-2 шағын ауданы үшін 2022 жылы желілік саябақ құрылысы басталды. Жұмысты «Қазақстанның урбанистер қауымдастығы Q-88» жүргізді. Алғашқы кезде қаланың белсенділерімен, мемлекеттік орган қызметкерлерімен кездесуде басшылары «Еліміздің көптеген қалаларындағыдай, Ақтөбеде де қоғамдық кеңістіктерде сәулет пен қоршаған ландшафт үйлесімінің жоқтығы байқалады» деп атап өткенімен, бастаған іс әлі толық аяқталмай тұр.

Фото: ҚазАқпарат

 

 Жоспар бойынша ұзындығы 550 метр болатын саябақта әртүрлі жастағы адамдардың тынығуына, серуендеуіне бар мүмкіндік жасалуы тиіс. Алайда мұндағы ағаштар қурап қалып, көпшілік тағы да шағым айтты.

"Саябақтың құрылысына екі мердігер жауапты. Бірі саябақты түгел салса, екіншісі суағар жүйесін жасайды. Мұндағы біраз ағаш қурап қалды. Сол себепті қазан айында ауыстырады. Кейін ғана біз қабылдау жасаймыз. Бұл жерге Алматының мекемелері қызмет көрсетіп жатыр", - деді қала әкімі Азамат Бекет.

Фото: ҚазАқпарат

 


Ойда бар, бірақ іске аспаған жоба көп

Жалпы Ақтөбе қаласын аббаттандыру, көгалдандыру жұмыстары үшін бірнеше жоба ұсынылып, іске аспай қалды. Мәселен, қала маңындағы Сазды су қоймасынан су бұрып, қала ішіндегі Астана саябағы, Президент саябағы арқылы өткізіп, қайта Елек өзеніне қарай бағыттау жоспарланды. Қала әкімі Азамат Бекеттің айтуынша, жоба керемет болғанымен, неліктен іске аспай қалғаны белгісіз. Жалпы Ақтөбе қаласын көгалдандыруға биыл 920 млн теңге ақша бөлінді.

Фото: ҚазАқпарат

 

"Келесі жылы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз. Бұл қалаға гүл егу, тал суару, жасыл желекті күтіп ұстауға бағытталады. Жоба 5 жылға арналған. Мемлекеттік тапсырысты ұтқан мердігер компания 5 жылдық жоспарын жасай алады. Сонда біз еккен әр талды 5 жылдан кейін қабылдайтын боламыз. Қазір егеді, өскені өседі, өспегені қалады", - деді Азамат Бекет.

Сонымен бірге Ақтөбе қаласында әр ағаштың паспортын жасау жобасы аяқсыз қалды. Жұмысты өз мойнына алған «IT Nomad» ЖШС-і бар шаруаны 10 айда бітіруі тиіс еді. Жобаның жалпы құны – 250 млн теңге болды. 2019 жылы 120 млн теңге бөлінді. Атқару парағы тапсырылған кезде бюджеттен қаржы аударылды.

Фото: ҚазАқпарат

 

«IT Nomad» ЖШС-і 2020 жылы қалған жұмыстың да атқарылғанын, екінші құжатқа қол қоюды талап етіп, Ақтөбе облыстық мамандандырылған ауданаралық сотына арыз түсірді. Алайда сот арызды қанағаттандырмады. Іс материалына сүйенсек, мердігер тапсырыс берушіге жұмыстың атқарылғанын растай алмаған.