Ақтөбеде жөндеу жұмысына 84 млн теңге жұмсалған бульвардың кем-кетігі көп

None
Фото: Алтынай Сағындықова
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе қаласының орталығындағы сулы-жасылды бульвар - тұрғындар жиі баратын демалыс орнының бірі. 84 млн теңгеге жөндеуден өткен орын қазір қайта бүлінген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2021 жылы Сулы-жасыл бульварды абаттандыруға 84,4 млн теңге бөлініп, жұмсалды.

Жөндеу жұмысын «Нур-Бер 2006» ЖШС-і атқарды.

«Келісімшарт негізінде «Шаңырақ» және Әбілқайыр хан даңғылы жағынан бульварға кіріс бөлігіндегі нысанның сыртқы жабындыларын қайта қалпына келтіру, «Ротонда» және «Шаңырақ» нысандарындағы түскен қыш тақтайшаларын қалпына келтіру, «Ротонда» нысанындағы әріптерді қалпына келтіру, терраса үстіндегі орындықтарын қалпына келтіру және жан-жағын сылау, трибуна орындықтарын қалпына келтіру, жарық шамдарын орнату, тротуар салу секілді жұмыстар жүргізілді.2022 жылы «Ротонда» нысанындағы әріптер қайта түсіп, келісімшарттың кепілдік міндеттемелері негізінде қайта қалпына келтірілді», - дейді Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Айгүл Байменова.


Ал биыл мұнда сенбілік жүргізіліп, бүлінген, сынған дүниелерді реттеу жұмысы жалғасады. Бірақ оған кімнің жауапты екені белгісіз. Себебі мердігер мекеменің кепілдік уақыты аяқталды.

Сонымен бірге сулы-жасылды бульварда субұрқақтар жарамсыз күйге түскен. Оны қалпына келтіруді міндетіне алған мердігер – «Шалқар Бастау» ЖШС.

Тапсырыс беруші кепілдік мерзімі аясында қайта жөндеуді талап етіп, сотқа жүгінді.



Соңғы жаңалықтар