Саяхат, бренд бұйымдар, үй мен көлік: Перизат Қайрат 3,5 млрд теңгені қайда жұмсады

Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Еріктілер қозғалысының белсендісі және қоғамдық қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайрат пен анасының миллиардтаған қаржыны қайда жұмсағаны айтылды.

Прокурор Азамат Кезекеннің мәлімдеуінше, Перизат Қайрат пен анасы Ғайни Алашбаева 2021 жыл мен 2024 жыл аралығында қайырымдылық деген желеумен 3,5 миллиард теңгеден астам қаражат жинап, осы күнге дейін сән-салтанатпен өмір сүрген. 

Қайырымдылық желеуімен жылу жинаған 

— 2,86 млрд — тасқыннан зардап шеккендерге көмек;
— 566 млн — Газадағы жағдайға гуманитарлық көмек;
— 105 млн — фестивальдер мен форумдарға;
— 21,6 млн — мүгедек балаларға арналған аукцион;
— Қалғаны — сайт пен Instagram арқылы жиналған қайырымдылық қаржы.

Ақша қайда жұмсалған:

— 7 пәтер сатып алынған (Highvill, Akbulak, Vela Village және басқа);
— 3 автокөлік (Lexus LX 600, Mercedes S 450, Haval H6 GT);
— 150 млн теңгеден астам (Cartier, Van Cleef, Gucci, Dior) бренд бұйымдары;
— Rebel Flowers (гүл бизнесі);
— 17 шетелдік сапар (Лондон, Дубай, Қатар, Түркия, Ресей);
— 123 млн теңге пәтердің жөндеу жұмыстарына;
— Күнделікті шығындар, яғни мейрамхана, техника, жиһаз, айыппұл тағы сол сияқты.
— Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер арқылы қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыру (киіз үй, гүл, зергерлік бұйымдар мен көмір жеткізілгендей етіп рәсімделген).

Сот отырысы жалғасып жатыр. 

Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы Перизат Қайрат пен оның анасына тағылған айыптарды тізбектеп шықты

Судья сұрағына жауап берген Перизат Қайрат айыптар негізсіз тағылды деп, мойындамайтынын жеткізді

Айта кетсек, бұған дейін де Перизат Қайрат өзіне тағылған айыптармен келіспеді. 

Сондай-ақ Перизат Қайрат тергеу изоляторы қызметкерлерінен жәбір көргенін айтқан еді. Артынша елорда полициясы тергеу изоляторында болған жайттың видеосын көрсетті

Белгілі болғандай Перизат Қайраттың соты ішінара жабық өтеді. 

Бұған дейін елордада Перизат Қайраттың ісіне қатысты алдын ала сот отырысы өтті. 

Биыл 30 маусымда Перизат Қайраттың ісі сотқа жіберілді

Еске салайық, еріктілер қозғалысының белсендісі және қоғамдық қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайратқа қатысты тергеу жүргізіліп жатқаны 2024 жылы 14 қарашада белгілі болды.