– Саяси партиялардың идеологиялық негізі өте маңызды. Саясаттану ғылымында идеологиялық өлшемді анықтағанда, дәстүрлі түрде үш ұғым қолданылады: орталық партиялар, оңшыл партиялар және солшыл партиялар. Қазақстанда саяси партияларға «оңшыл» не «солшыл» деп нақты баға беру қиын. Себебі бізде таза солшыл не таза оңшыл партиялар жоқ. Оларды ұстанымдарына байланысты орташа солшыл немесе орташа оңшыл орталық партиялар деп атауға болады. Еліміздегі партиялардың бағдарламаларын сараласақ, барлығы ұқсас екенін байқаймыз. Бәрі де ортақ индикаторларға негізделген. Мысалы, барлығы әлеуметтік жағдайды жақсартып, экономиканы ары қарай дамытқысы келеді және адами капиталға назар аударады. Жалпыға ортақ ұстанымдар саяси партияларда әлі күнге дейін бар. Олар иделогиялық негізін, ұстанымдарын құрастырмайынша, дәстүрлі, тұрақты электоратын да қалыптастыра алмайды, – деді ол.
Сонымен қатар саясаттанушының сөзінше, қазақстандық қоғам біртұтас емес, сегменттелген. Дауыс берушілердің арасында қоғамның әртүрлі табы мен тобынан шыққан өкілдер бар. Сондықтан партиялар әр аймаққа, әр буынға, т.б. қоғам өкілдеріне ұсыныстарын дайындауы қажет.
Айта кетейік, бұған дейін саясаттанушы саяси партиялар популизмге салынбауы керектігін айтқан еді.