Саяси сарапшы: БҰҰ басшылығы бейбітшілікке шақыруда Қазақстанды көшбасшы ел деп біледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаппай қарусыздындыру және ядролық қарулардың таралмауы ұстанымына келгенде БҰҰ басшылығы Қазақстанды әрдайым мойындалған, көшбасшы ел деп біледі. Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етуіне қатысты ҚР Президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары, саясаттану ғылымының докторы Санат Көшкінбаев осылай деп пікір білдірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық ету міндетін бастап кетті. Ең алдымен айта кетерлігі, осынау қым-қуыт заманда жаһандық қауіпсіздік жүйесі көңіл қуантарлық жағдайда болмай тұр. Әлем халқы алдында бүгінгі күні жедел әрі тиімді түрде жауап беруді талап ететін сын-кедергілер аз емес. Нақтырақ айтқанда, халықаралық терроризмнің ушығып тұрғаны, азық-түлік және су қауіпсіздігіне қатысты мәселелер, Африка мен Таяу Шығыстағы қақтығыстар мен ядролық қарулар туралы әңгіменің шығуы, әлбетте, адамзатты алаңдатады. Өздеріңіз білетіндей, Корея түбегіндегі қазіргі ахуал - бір тарап шалыс қадам жасаса, отқа оранар жағдайда», - дейді сарапшы.

Санат Көшкінбаевтың пікіріне құлақ ассақ, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде «басым бағыттардың бірі - қауіпсіз, әділетті әрі гүлденген әлемді құру үшін жаһандық ынтымақтасты нығайту» деп пікір білдірген.

«18 қаңтарда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен Қауіпсіздік Кеңесінде «Жаппай қырып-жоюға арналған қарудың таралмауы: Сенім шаралары» тақырыбында жоғары дәрежеде дебат өткізілгелі жатыр. Осыған дейін өздеріңіз білетіндей, Президентіміз БҰҰ-ның 100 жылдығы тұсында, яғни 2045 жылға қарай Қазақстан әлем елдеріне жаппай атом қаруларынан бас тарту туралы бастама көтерген еді. Сондықтан, дәл осы мәселе көтерілетін жиынға БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриш, әртүрлі мемлекеттердің жоғары деңгейдегі өкілдері, сонымен бірге сыртқы істер министрлері, Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері қатысады деп күтілуде. Осы тұста БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриш Қазақстанның бітімгерлік бағытындағы ұстанымына толығымен қолдау білдіріп отырғанын айта кету керек», - дейді Санат Көшкінбаев.

Оның пайымдауынша, БҰҰ басшылығы қазіргі уақытта қарусыздындыру және ядролық қарулардың таралмауы ұстанымына келгенде Қазақстанның әрдайым көшбасшы екенін мойындайды.

«Демек, Қазақстан бұл салада халықаралық келісімдердің ұйытқысы бола білгені сөзсіз. Сол себепті, өздігімен ядролық қарулардан бас тартқан Қазақстанның абыройы баршылық», - дейді ол.

Сарапшы сонымен бірге, аймақтық қауіпсіздікті нығайту бағытында Орталық Азияның мүддесін алға тартқан Қазақстанның ұстанымы да назардан тыс қалмайтынын айтады.

Тарқата айтқанда, 19 қаңтарда Орталық Азия мен Ауғанстан мемлекетінің сыртқы істер министрлерінің қатысуымен министрлік дебат өткізілмек. Онда Ауғанстан мен Орталық Азияда аймақтық ынтымақтастықты құру мәселесі көтерілетін болады.

«Қазақстан тарапы ұстанып отырған қағидаттың мазмұны мынадай: Ауғанстанды бейбітшілік процестерінен кері итермей, оны экономикалық көшке ілестіру. Ауғанстан өзге мемлекеттер секілді терроризмнің құрбаны болып отырғанын ұмытпау керек. Ондағы мәселе Ауғанстанды шетке ысырудан түзелмейді. Ол мемлекетті терроризмнің ошағы ретінде көретін таптаурын көзқарастан айырылған абзал. Әлбетте, Қазақстан тарапының бұл ұстанымы Ауғанстанға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Ең бастысы, Ауғанстан билігі бұл ұстанымға бірауыздан қолдау білдіруде. Көптеген мемлекеттер бұрынғы көзқарастан, яғни «Ауғанстан - қақтығыстың ошағы» деген түсініктен арыла алмай келеді. Ал мәселеге басқа жағынан қарау керектігін Қазақстан тарапы барынша түсіндіріп бермек. Ауғанстан шамасы келгенше терроризммен күресуде. Яғни, бұрынғы түсініктерді ажыратып, конструктивті алаңда бас қосудың маңызы зор», - дейді сарапшы.