«Ішкі істер органдарының 20 мыңнан аса қызметкері сайлау күнінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қадағалауда», - деп мәлім етті М.Демеуов.
Ішкі істер вице-министрінің хабарлағанындай, жалпы, ішкі істер органдарының жеке құрамы 17 - 24 наурыз аралығында күшейтілген режимде жұмыс істейді. Олардың жұмысын үйлестіру үшін Ішкі істер министрлігі мен аумақтық ішкі істер департаменттерінде арнайы штабтар құрылған.
«Басшылық пен командалық құрам тәулік бойы кезекшілік атқарып жүр. Елді мекендерде қосымша күш тарту арқылы патрульдер саны көбейіп, олардың біразы сайлау учаскелеріне жақын аумақтарға орналастырылды. Барлық қаладағы аудандарда 2-3-тен мобильді жедел-тергеу топтары құрылып, топ құрамына прокуратура өкілдері де қосылған»,-деп атап өтті М.Демеуов.
Ең басты айта кетерлігі, М.Демеуовтің хабарлауынша, ішкі істер органдары бүкіл сайлау учаскелерін күні-түні күзетке алған. «Сондай-ақ, бүгін, сайлау күні жолдардағы қауіпсіздік қатты бақыланып, өрт сөндірушілер мен құтқарушы бөлімшелер де күшейтілген кестедегі жұмысқа көшкен», - деп атап өтті М.Демеуов.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін Қазақстан Республикасында Парламент Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихат сайлауы өтіп жатыр. Қазақстан мен шет елдерді қоса алғанда, барлығы 9840 сайлау учаскесінде таңғы сағат 07.00-ден бері дауыс беру жүріп жатыр. Дауыс беру кешкі сағат 20,00-де аяқталады.
Мәжіліс сайлауына алты саяси партия сайлауға қатысуда. Барлық партияларды қосқанда, ҚР Парламент Мәжілісі депуттаттығына үміткер ретінде 234 кандидаттың тізімі бекітілген.