Министрліктің мәліметінше, үздіксіз мониторингті қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы маусымда 79 тұрақты және 49 маусымдық бақылау бекеті жұмысқа тартылған. Ықтимал төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет ету үшін «Қазселденқорғау» мекемесінің 11 авариялық-механикаландырылған бригадасы жасақталған.
— Жыл басынан бері мекеме мамандары сел қаупі жоғары учаскелерде 170-тен астам жерүсті зерттеу жұмыстарын жүргізді. Бұдан бөлек, сел түзілу ошақтары мен ықтимал қауіпті нысандардың жағдайын бағалау мақсатында Алматы қаласы мен Түркістан облысында екі рет әуеден шолу тексеруі өткізілді, — делінген хабарламада.
Профилактикалық жұмыстың маңызды бағыттарының бірі — халықты және жергілікті атқарушы органдарды ақпараттандыру. Маусым басталғалы бері ықтимал қауіпті аймақтарда орналасқан елді мекендердің тұрғындарына, ұйымдарға және әкімдіктерге 800-ге жуық ұсынымдық хабарлама жолданды.
Сонымен қатар, 2000-нан астам ақпараттық жадынама таратылып, қауіпті учаскелерде шамамен 130 ескерту тақтайшалары орнатылды.
— Маусым айында Іле Алатауы жотасының орталық бөлігіндегі мұздық көлдерді, мұздықтарды және сел қалыптастырушы ошақтарды, сондай-ақ Жамбыл, Түркістан облыстарының, Жетісу және Шығыс Қазақстан облыстарының таулы аудандарын аэровизуалды тексеру жоспарланған, — деп жазды ведомстводан.
Ағымдағы маусымда Алматы қаласы, Алматы облысы және Жетісу облысы аумағында орналасқан мұздық көлдерді босату бойынша алдын алу жұмыстары жүргізіледі. Бұл іс-шаралар ықтимал қауіп-қатерлерді дер кезінде анықтауға және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Айта кетейік, ТЖМ ұлттық парктердегі өртті арнайы камералар арқылы бақыламақ.