Әңгіме неден басталды?
2019 жылы Семейдегі қоқыс мәселесін шешу үшін үлкен жоба қолға алынған. Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі (Ол кезде Семей ШҚО құрамында), Семей қаласының әкімдігі, «Келешек» коммуналдық кәсіпорны және Еуропалық қайта құру және даму банкі төртжақты келісімге қол қойған. Сол жобаның құны 6,8 млрд теңгені құрады.
Оның 3,83 млрд теңгесі ЕҚДБ несиесі арқылы берілуі тиіс болған. Қалғаны облыс пен қала бюджетінен бөлінуі керек еді.
Жоспар да жаман болмаған. Ескі полигонды жабу, рекультивация жасау, жаңа полигон салу, қоқыс сұрыптау станциясын іске қосу және жобалау жұмыстарына жергілікті қадағалау жүргізу қарастырылған. Бірақ жоба сол күйі іске аспады.
- Кейіннен жергілікті бюджетке елеулі қаржылық жүктеме түсіретін ірі көлемдегі кредиттік міндеттемелерден бас тартуға байланысты жобаны іске асыру тоқтатылған, - деп жауап берді Kazinform тілшісіне Абай облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Марат Теміржанов.
Алайда мәселе мұнымен тоқтамады. Кейін «Оператор РОП» есебінен 1,6 млн еуроға қоқыс сұрыптау желісі сатып алынған. Бірақ ол да іске қосылмай қалған.
- Қазір бұл жабдық «Хазипов Р.С.» ЖК өндірістік базасының аумағында тұр. 2024 жылғы 5 қыркүйекте Семей қаласында ҚТҚ-ны бөлек жинау және сұрыптау жүйесін енгізу жобасы аясында заңнама талаптарының сақталуы мәселелері бойынша сәйкестік аудиті жүргізілді. Жабдықты жеткізуші компания жүргізген техникалық тексеру нәтижесінде жабдықтың үш жыл бойы ешқандай қорғаныссыз ашық аспан астында жатқандығы анықталды. Соның салдарынан барлық ағаш жәшік шіріп, әсіресе электрлік жабдықтардың едәуір бөлігі қайта пайдалануға жарамсыз күйге түскен. SABO және басқа да коммерциялық жабдықтардың қаптамалары бүлініп, кейбір электрлік және механикалық бөлшектерге ылғал кірген. Сонымен қатар бірқатар механикалық және электрлік материалдардың жетіспейтіні анықталды. Аталған жабдықты қайта пайдалану үшін қажетті қосалқы бөлшектерді сатып алу және монтаждау жұмыстарына шамамен 512 млн теңге (975 000 еуро) көлемінде қаражат қажет, - дейді Марат Теміржанов.
Мемлекет қаржысына алынған қымбат жабдықтың неге бұлай қараусыз қалғаны туралы нақты жауап ала алмадық. Ал Семей әлі күнге дейін бұрынғы полигонмен өмір сүріп жатыр.
Жалғыз полигонның жағдайы мәз емес
Қазір қалада қоқыс көметін жалғыз полигон жұмыс істейді. Ол жеке кәсіпкерге тиесілі.
Полигонның экологиялық рұқсаты биыл аяқталады. Бірақ жаңа нысан дайын болмағандықтан, рұқсат мерзімін ұзарту мәселесі қарастырылып жатыр.
Жергілікті билік жаңа полигон салынбай тұрып ескісін жабуға болмайды деп отыр. Өйткені онда 350 мыңнан астам тұрғыны бар қала қоқыс дағдарысына тап болуы мүмкін. Ал жаңа полигонның тағдыры әзірге белгісіз.
- Семей қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған жаңа заманауи полигон салу мақсатында қала әкімдігінің қаулысымен жалпы аумағы 100 гектар жер учаскесі бөлінді. 2024 жылы жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды, - деп хабарлады облыс әкімдігінен.
Бірақ құрылыс жұмыстары әлі басталмаған. Себебі қаржы мәселесі шешілмей тұр. Қазір жобаны «Қазақстанның өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы қаржыландыру жоспары қарастырылып жатыр екен. Қаржы кәдеге жарату төлемдері есебінен жеңілдетілген лизинг арқылы берілмек. Соған қарамастан, полигонды 2027 жылдың желтоқсанында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Үкіметінің қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын салу жобаларын жеңілдетілген қаржыландыруды көздейтін арнайы қаулысы қабылданған.
Қоғамдық тыңдау өткізілмеген
Тағы бір маңызды мәселе - осы уақытқа дейін жоба бойынша қоғамдық тыңдау өткізілмеген. Экологиялық рұқсат та әлі дайын емес. Бұны облыс билігі де растап отыр.
- Қаламызда қоқыс мәселесі жылдар бойы шешімін таппай келеді. Бір жоба тоқтайды, екіншісі созылады, үшіншісіне ақша жетпей қалады. Ал уақыт өтіп жатыр. Қаладағы тұрғындар санымен қатар қоқыс та көбеюде, - дейді семейлік Сандуғаш Тоқтарбекова (аты-жөні өзгертіліп берілді).
Абай облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі Роллан Машпиевтің айтуынша, жаңа қоқыс полигонын салуда ең алдымен қауіпсіздік мәселесі ескерілуі тиіс.
- Полигон әуежайдан алыс орналасуы керек. Бұл ең басты талаптың бірі. Сонымен қатар тұрғындардың қоқыс тастау мәдениетін қалыптастыру да маңызды. Бұрын қала аумағындағы бейберекет үйілген қоқыстар кейін полигонға тасылып төгілді. Кей жағдайда адамдар қатты тұрмыстық қалдықтарды ретсіз үйе берген. Сондықтан жаңа полигон барлық санитарлық және экологиялық нормаларға сай болуы қажет. Ең маңыздысы орын таңдау кезінде қоғамдық тыңдау өткізіліп, халықтың пікірі ескерілуі тиіс, - дейді Роллан Машпиев.
Осы ретте, Абай облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасынан полигонның орналасу орны қандай критерийлер негізінде таңдалғанын сұрап көрдік.
- Полигон орналасатын орынды анықтау кезінде негізгі критерийлердің бірі оның Семей әуежайының 13 шақырымдық шектеу аймағынан тыс орналасуын қамтамасыз ету болды. Бұл талап авиациялық қауіпсіздікті сақтау, құстардың шоғырлану қаупін төмендету және әуе кемелерінің ұшу-қону қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ескерілді. Жаңа полигон пайдалануға берілгенге дейін қолданыстағы полигонның жұмысы экологиялық талаптар мен рұқсат құжаттарына сәйкес жүзеге асырылатын болады. Қазіргі жағдайда Абай облысының орталығында экологиялық және санитарлық нормаларға толық сәйкес келетін жаңа полигон салу аса маңызды әрі өзекті міндет болып отыр, - дейді басқарма басшысы Марат Теміржанов.
Еске салсақ, осыған дейін Қазақстан бойынша 411 рұқсат етілмеген қоқыс полигоны анықталғаны хабарланған.