«Семей орманы» резерватын танымдық туризм ретінде қарастыруға болады — Берік Уәли
АСТАНА. KAZINFORM — Президент тапсырмасына сәйкес Абай облысында туризм басқармасы құрылды. Аталған саланың алдағы уақыттағы әлеуеті туралы өңір басшысы Берік Уәли айтып берді.
— Туризм әлеуетін іске асыру үшін туристік маршруттар бойынша жол инфрақұрылымын жетілдіру және жол бойындағы сервисті дамыту жөнінде шаралар қабылданып жатыр. Өңірде танымдық, ғылыми және этникалық, іскерлік, спорттық, мәдени-оқиғалық туризмнің негізі ретінде қарастыруға болатын бай тарихи-мәдени мұра бар, — деді Берік Уәли орталық коммуникациялар қызметі алаңында өңірдің 9 ай ішіндегі әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп бере тұрып.
Өңірдегі туристік, мәдени-тарихи нысандар:
— «Жидебай-Бөрілі» Абай музейі;
— Семейде «Алаш Арыстары» музей үйі;
— Невзоровтар отбасы атындағы облыстық бейнелеу өнері музейі;
— Ф. М. Достоевский атындағы әдеби-мемориалдық музей үйі;
— Абай мемлекеттік тарихи-мәдени музейі;
— Алакөл жағажайы;
— Бесқарағай ауданының солтүстік-батыс бөлігіндегі Шипалы көл;
— Аягөз өзенінің оң жағалауында «Қозы-Көрпеш және Баян-Сұлу» мазары;
— Шүлбі су қоймасы;
— Абай ауданындағы Қоңыр әулие үңгірі;
— Ақсуат ауданындағы Ырғызбай ата кесенесі;
— «Семей — Қарауыл» тас жолында аңызға айналған ғашықтар жұбы «Еңлік-Кебек» кесенесі.
— Сонымен қатар «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватын танымдық туризм ретінде қарастыруға болады. Республикалық және халықаралық деңгейдегі іскерлік, мәдени, спорттық және басқа да кең ауқымды іс-шараларды өткізу қонақүй қызметіне сұранысты арттырады. Тиісінше заманауи элиталық қонақүй кешендерінің құрылысына серпін береді. Президенттің тапсырмасына сәйкес облыста туристік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған ауқымды жобаларды жүзеге асыру жалғасады, — деп қорытындылады Берік Уәли.
Айта кетсек, Абай облысында 358,8 шақырым жергілікті жол жөндеуден өтіп жатыр.
Сонымен қатар облыс әкімі Алакөлдің туристік және инвестициялық әлеуетіне қатысты түсінік берді.