Семей орманындағы өрт: Жалынды сөндіру үшін 102 тонна су төгілді

СЕМЕЙ. KAZINFORM — Өртті сөндіруге «Қазавиаорманқорғау» РМҚК-ның екі тікұшағы, ҚР Қорғаныс министрлігінің Ми-8 және ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ми-8 тікұшақтары жұмылдырылды.

Фото: Экология министрлігі

2026 жылғы 16 шілдеде «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында орман өртін сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Сағат 16:00–дегі жағдай бойынша өртті сөндіруге резерваттың мемлекеттік орман күзетінің 120 қызметкері мен 48 техникасы, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің 158 қызметкері мен 22 техникасы, ҚР Ішкі істер министрлігінің 101 қызметкері мен 25 техникасы, жергілікті атқарушы органдардың 24 қызметкері мен 10 техникасы, сондай-ақ ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің күштері жұмылдырылды.

Өртті сөндіру жұмыстарына «Қазавиаорманқорғау» РМҚК-ның екі тікұшағы, ҚР Қорғаныс министрлігінің Ми-8 және ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ми-8 тікұшақтары қатысып жатыр.

Әуе техникасы арқылы жалпы 89 рет су төгу жұмыстары жүргізіліп, өрт ошағына 102 тонна су төгілді. Қосымша күш ретінде өрт орнына «Ертіс орманы» МОТР-дың күштері, ҚР ТЖМ бөлімшелері және ҚР Қорғаныс министрлігінің тағы екі тікұшағы жұмылдырылып жатыр.

Қазіргі уақытта өртті оқшаулау және толық сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Жағдай тұрақты бақылауда.

Айта кетелік Семей орманындағы өрт 60 гектар аумақты шарпыды. Сонымен қатар «Семей орманы» резерватында өрт шыққан соң лагерьдегі 200-ге жуық бала эвакуацияланды