Семейде 7 жасар баланы іздестіріп жатыр
СЕМЕЙ. KAZINFORM – Семей қаласында 7 жастағы баланы іздеуге бағытталған ауқымды операция жүргізіліп жатыр.
Абай облысы Полиция департаментінің мәліметінше 2025 жылғы 21 маусымда сағат 20:50-де «102» жедел арнасына 2018 жылы туған Аманғали Бекболаттың хабар-ошарсыз кеткені туралы хабарлама түскен.
— Кешкі сағат 18:15 шамасында бала Семей қаласы, Туристическая көшесі, 92-үй мекенжайындағы үйінен шығып кетіп, осы уақытқа дейін оралмаған, — делінген хабарламада.
Белгілері:
— бойы шамамен 130 см,
— үстінде көк футболка, сұр түсті жүзу шалбары мен сұр сандал болған.
Балада даму ерекшелігі бар (аутизм).
— Хабар түскен бойда полицейлер дереу оқиға орнына жетіп, ауқымды іздестіру жұмыстары басталды. Іс-шараларға полиция қызметкерлері, кинологиялық қызмет, Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары жұмылдырылды. Жақын маңдағы аумақ толық тексеріліп, тұрғындармен байланыс орнатылып жатыр. Сонымен қатар, жылу бейнелеу құрылғысымен жабдықталған дрон арқылы әуеден шолу жасалып жатыр.
Абай облысының полиция департаменті бала туралы қандай да бір ақпаратыңыз болса, тез арада 102 нөміріне хабарласуды сұрайды, — делінген хабарламада.
Айта кетелік Семейдегі оқушының соққыға жығылуына байланысты екі ана ата-ана құқығынан айырылғаны туралы жазған едік.