СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында жаяу жүргіншілер жолағында көлік қаққан екі бала ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жол-көлік оқиғасы Шәкәрім даңғылында болған.
«Toyota» маркалы автокөлікті тізгіндеп келе жатқан 74 жастағы жүргізуші реттелмеген жаяу жүргіншілер жолағында кәмелетке толмаған екі баланы қағып кетті.
«Соның салдарынан жарақат алған балалар ауруханаға жатқызылды. Қазіргі уақытта жүргізушіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Тиісті сот-медициналық сараптамалар тағайындалып, соның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.