Семейде бұрын сотталған азаматтың заңсыз сақтаған қаруы алынды

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық шарасының аясында Семей қаласын полиция басқармасының орталық полиция бөлімшесінің қызметкерлері бұрын сотталған 40 жастағы ер адам үйінде атыс қаруын сақтайтыны туралы дерек алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Полиция қызметкерлері тұрғылықты мекенжай бойынша тінту кезінде қаруды тапты. Ол криминалистік зерттеудің қорытындысына сәйкес, «ОСА» ұңғысыз кешенге жататын, көпбейінді азаматтық атыс қаруы болып табылады және белсенді қорғанысқа, белгі беруге, аймақты жарықтандыруға арналған, сондай-ақ оқ атуға жарамды.

ҚР ҚК-нің 287 бабы 2 бөлігіне сәйкес (Қаруды, оқ-дәрілерді заңсыз сақтау) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Дәл сол күні Алтай аудандық полиция бөлімінің жедел тобы 31 жастағы ер адамнан тегіс ұңғылы шолақ мылтықты тауып алды.

Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.