Семейде көлік қозғалысына бірнеше күнге шектеу енгізілді

Фото: Александр Павский / Kazinform

СЕМЕЙ. KAZINFORM — Семей қаласында 24-28 қараша күндері аралығында көлік қозғалысына шектеу енгізілді, деп хабарлайды, Абай облысының полиция департаменті.

«Семей қаласының Полиция басқармасы 24-28 қараша аралығында, кешкі сағат 22:00-ден таңғы 06:00-ге дейін ескі көпірде кәріз құбырларын ауыстыру жұмыстары жүргізілуіне байланысты көлік қозғалысы уақытша шектелетінін хабарлайды», делінген облыстық ПД ресми хабарламасында.

Осыған орай жергілікті департамент семейліктерден туындайтын қолайсыздықтарға түсіністікпен қарап, жүру бағыттарын алдын ала жоспарлап алуды сұрайды.

Еске сала кетсек, бұған дейін Семейде қоғамдық кеңістіктер мен саябақтардың саны артып келе жатқанын жаздық.