Семейде қыс мезгіліне 92 техника мен 4 мың тоннадан астам инертті материал әзірленді

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында алдағы қыс мезгіліне 92 коммуналдық техника мен 4 мың тоннадан астам инертті материал әзірленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Семейде алдағы қысқа коммуналдық техниканы дайындау жұмыстары аяқталды. Қала көшелерін күтіп-ұстау, қар мен көктайғақ кезінде көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 92 мамандандырылған техника, 4000 тоннадан астам инертті материал және 2500 текше метр құм-тұз қоспасы дайындалды.

«Қалың қар жауған кезде жұмыс күші мен техниканың саны қажеттілікке қарай артып отырады. Қысқы күтіп-ұстау жұмыстарына – көшелерді қардан тазарту, жол жиектерінен, беткейлерден қар үйінділерін алу, қиылыстарды, аялдамаларды, көлік тоқтайтын жерлерді, тротуарларды тазарту жұмыстары кіреді», - делінген ақпаратта.

Жалпы қала бойынша санитарлық тазалауға арналған аумаққа – ұзындығы 756 шақырымды құрайтын 1179 көше, 11 сквер және 9 саябақ кіреді.