Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, полиция қызметкерлері 352-квартал көшесіндегі тұрғын үйдің ауласында болған автокөліктің отқа орану себебін анықтады.
— Тексеру барысында тәртіп сақшылары оқиға орнына жақын орналасқан бейнебақылау камераларының жазбаларын зерттеді. Нәтижесінде өрт шықпас бұрын көліктің жанында үш кәмелетке толмаған баланың болғаны анықталды. Алдын ала мәлімет бойынша, 6 жасар бала сіріңке жағып ойнап, көліктің жанындағы құрғақ шөпті тұтатқан. Жалын тарала бастағанда балалар қорқып, оқиға орнынан қашып кеткен. Бұл жайт кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінен алынған түсініктемелер барысында да расталды, — делінген ақпаратта.
Енді баланың ата-анасы автокөлік иесіне келтірілген материалдық шығынды өтеуге міндеттеледі.
Еске салсақ, осыған дейін Қазақстанда биыл 536 орман өрті тіркелгені хабарланған.