Семейде террористік тұрғыдан осал нысан иелеріне айыппұл салынды

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласындағы террористік тұрғыдан осал стратегиялық объектіге бір млн теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Семейдегі террористік тұрғыдан осал стратегиялық объектілердің бірін тексеру барысында инженерлік-техникалық нығайту жөніндегі талаптардың бұзылғандығын анықтады.

«Тексеру барысында өрескел заңбұзушылықтар тіркелді. Атап айтқанда, бақылау-өткізу пунктінде, күзеттің дабыл жүйесінде, бақылау және жедел байланыс жүйелерінде бұзушылықтар анықталған. Осыған байланысты аталған нысанға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 149-бабы 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ тіркелген бұзушылықтарды 30 жұмыс күні ішінде жою қажеттігі жайлы ұйғарым шығарылды. Семей қалалық әкімшілік сотының шешімімен объекті басшылығына 1 095 000 теңге мөлшерінде айыппұл салынды», - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.

Айта кетейік, өңір бойынша 2020 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін әртүрлі санаттағы 8 объекті иелеріне айыппұл салынған.

Осы ретте Полиция департаменті террористік тұрғыдан осал объектілердің басшыларына заң талаптарын сақтау қажеттігін ескертеді.