Семейде үш теміржолшы тепловоздан 300 литр жанармай ұрлады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Семейде көлік полицейлері тепловоздан 300 литр дизельдік отын ұрлаған теміржол қызметкерлерін ұстады.

Көліктегі ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, 16 мамырда жедел-іздеу шараларын өткізу барысында Семей стансасындағы Желілік ішкі істер бөлімінің криминалдық полиция қызметкерлері Семей стансасының жүк паркінде тепловоздан жалпы көлемі 300 литрді құраған дизельдік отынды ұрлаған үш ер адамды ұстады.

Тексеру кезінде көлік полицейлері ұрлықты жасаған Локомотив депосындағы үш қызметкер екенін анықтады. Олардың жасы - 29, 41 және 42-де.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 189-бабымен (Сеніп тапсырылған өзгенің мүлкін иемдену немесе талан-таражға салу) сот алдындағы тергеу амалдары басталды.