СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласының тұрғындарына бала күтіміне байланысты берілетін жәрдемақы алуға, мүгедектікті белгілеуге және зейнетақы құжаттарын жинауға көмектесетіндігін айтып алдаған алаяқ ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Шығыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, құжатын ала алмай, ақшаcынан айырылған жәбірленушілер полицияға хабарласқан. Тәртіп сақшылары көп ұзамай күдіктіні қолға түсірді. Ол бұрын сотталмаған, тұрақты жұмыс орны жоқ 26 жастағы қала тұрғыны болып шықты.
«Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалы жүргізіліп жатыр. Алаяқтық жолмен тапқан ақшаны қажетіне жұмсап үлгерген күдікті кінәсін мойындап отыр», - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мәдиев.
Полицейдің анықтауынша, алаяқтың арбауына 8 адам іліккен. Жәбірленушілерге 2 млн теңгеге жуық материалдық залал келтіріліпті.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.