Оның айтуынша, қазіргі уақытта республикадағы барлық жылу көздері күзгі-қысқы кезеңге дайын. Энергия өндіруші нысандар қажетті жабдықтармен және отын қорымен қамтамасыз етілген.
– Барлық жылу көздері бүгінгі таңда күзгі-қысқы кезеңді өткізуге қажетті жабдықтармен және отын қорымен қамтамасыз етілген. Энергия көздерінің қоймаларында отынның нормативтік қоры жасақталған, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Сонымен қатар Семей қаласында орталық жылу пункттеріндегі жөндеу жұмыстарының аяқталу мерзімі жабдықтардың уақытылы жеткізілмеуіне байланысты кешіктірілген.
Қаладағы жылу жүйелерін іске қосуға дайындық 5 қазанда қамтамасыз етілген.
Осыған байланысты Абай облысының әкімдігіне Семей қаласының барлық тұрғындарына жылу беруді жедел аяқтау тапсырылды.
Премьер-министр Олжас Бектенов те жылу беру маусымының басталуына қатысты бірқатар тапсырма берді.
– Мен жылу көздері мен жылу желілерінің дайындығын 1 қазанға дейін қамтамасыз етуді тапсырған болатынмын. Бір өңірден басқасының бәрі бұл тапсырманы мерзімінде орындады. Тек Семей қаласында жылу желілері уақытылы дайын болмай шықты, – деді Үкімет басшысы.
Ол Абай облысы әкімінің осы салаға жетекшілік ететін орынбасарын тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырды.
Үкімет басшысы өңір әкімдеріне жылу беру маусымын өткізу жөніндегі өңірлік штабтардың жұмысын қайта жандандырып, жылу көздері мен желілерінің жұмысын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
– Жоспарлы параметрлердің бәрі сақталуы керек. Сондай-ақ отынның нормативтік қоры мен қосалқы жабдықтардың дайындығын қамтамасыз ету қажет. Халыққа қажетті көмір бағасын тұрақты бақылауда ұстап, отын тапшылығына жол бермеңіздер, – деді Олжас Бектенов.
Үкімет тапсырмаларының орындалуын бақылау Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа жүктелді.
Айта кетейік,қай өңірлерде жылыту маусымы басталатынын жазғанбыз.