«Бейбітшілік» акциясы Семейде 2009 жылдың 29 тамызынан бері өтуде. Биылғы шараға 10 мыңға жуық адам қатысты. Қала басшысы Ермак Сәлімов, Жапониядан келген ғалымдар, Хиросима университетінің профессоры Масахару Хоши, қоғамдық ұйымдар және қаланың этномәдени орталықтарының өкілдері жиналды. Шақырылған меймандар «Өлімнен де күшті» монументіне гүл шоқтарын қойып, ядролық сынақ зардаптарынан жапа шеккендерді 1 минут үнсіздікпен еске алды.
«29 тамыз - барлық қазақстандықтар үшін маңызды күн. 27 жыл бұрын Президент Нұрсұлтан Назарбаев Семей ядролық полигонын жабу туралы түбегейлі шешім қабылдады. Біз ядролық қарусыздану үдерісіне және бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бірінші болып үлес қосқан Президентімізді ерекше мақтан тұтамыз. Бүгінде бұл бейбіт бастама әлемнің көптеген елдерінде қолдау тапты. Біздің міндетіміз - ядролық қарусыз әлемдегі Қазақстанның идеясын сақтау және арттыру», - деді қала басшысы Ермак Сәлімов.
Жиында сөз алған Хиросима университетінің профессоры Масахару Хоши тоқтаусыз жүргізілген атом жарылыстарының зардаптары әлі күнге дейін халық денсаулығына кері әсер етуде екенін жеткізді. Бүгінде екі ел ғалымдары жүргізіп жатқан ғылыми-зерттеу жұмыстары еліміздегі медицинаны, радиация, экологияны жақсартуға үлес қосатынын айтты.
«Семейдегі Медицина университетімен бірлесе жұмыс атқарып келе жатқанымызға 20 жылдай уақыт болды. Аймақтағы радиациялық медицина және экология саласында бірлескен зерттеулер жүргізіп, экологиялық проблемаларды зерделеу, сынақтан зардап шеккен тұрғындардың денсаулығын жақсарту мақсатында жұмыс істеп жатырмыз. Және біз мүмкіндігімізше қайырымдылық көмек көрсетудеміз. Әсіресе, қан аздық және лейкемия ауруына шалдыққан балаларға дәрі-дәрмекпен жәрдем еттік. Қазақстан мен Жапония елінің досытғы одан әрі нығая береді деген сенімдемін», - деді Масахару Хоши.