Семсерлесуден Қазақстан ерлер командасы әлем чемпионатының финалына шығып, тарихи нәтиже тіркеді

АСТАНА.KAZINFORM – Гонконг қаласында өтіп жатқан семсерлесуден ересектер арасындағы әлем чемпионатында ерлер арасындағы командалық турнирдің финалистері анықталды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Фото: Спортты дамыту лирекциясы

Санаулы сəттер бұрын Қазақстан командасы (Руслан Курбанов, Ерлік Сертай, Кирилл Проходов, Вадим Шарлаимов) жартылай финалда Мысырмен күш сынасып, тартысты өткен айқаста басым түсіп, тарихи нәтиже көрсетті. Есеп: 41-32.

Бұл Қазақстан ерлер командасы үшін әлем чемпионатының алғашқы финалы. Осыған дейінгі үздік көрсеткіш - былтырғы қола медаль.

Еске сала кетейік, Қазақстан бір жыл бұрын Грузия астанасында өткен әлем чемпионатында әлемдік деңгейдегі көшбасшы Францияны ұтып, тарихи қола жүлдеге қол жеткізген.

Қазақстан командасының бүгінгі жекпе-жектер нәтижесі:
Ширек финал: Қазақстан - Дания 45:36
1/8 айналым: Қазақстан - Өзбекстан 28:27
1/16 айналым: Қазақстан - Финляндия 45:39

Жартылай финалдың келесі жұбында Украина мен Израиль кім мықтыны анықтап жатыр. Қазір семсерлесуден ерлер Ұлттық құрамасы әлем рейтингінде 5-орында тұр.

Осыған дейін семсерлесуден Қазақстан ерлер командасы әлем чемпионатының жартылай финалына шыққаны туралы жаздық.