Сенат комитетінде ХВҚ баптарына түзетулер енгізу және исламдық қаржыландыру мәселелері туралы заң жобалары қаралды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысында «Халықаралық Валюта Қоры Келісімінің Баптарына түзетулерді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды.

Заң жобасының аясында Халықаралық Валюта Қоры Келісімінің баптарына үш түзету қаралып отыр.

Халықаралық Валюта Қоры Басқарушылары Кеңесінің қарарларымен Халықаралық Валюта Қоры Келісімінің баптарына түзетулер мақұлданды.

«Халықаралық Валюта Қорындағы квоталар мен дауыстарды реформалауға» сәйкес, Қордағы дауыстарды бөлу, сондай-ақ оларды санаудың тәртібі өзгереді. «Халықаралық Валюта Қорының инвестициялық өкілеттіктерін кеңейтуге» сәйкес, Қор мүшелерінің инвестициялық шотта және шығыстардың арнаулы шотында қолданылатын валюталарын пайдалану бөлігіндегі өкілеттігі кеңейетін болады.

«Квоталарды он төртінші жалпы қайта қарау және Атқарушы кеңестің реформасына» сәйкес, арнаулы қарыз берудегі Қазақстанның квотасы 1 158,4 миллионды құрайды және Қазақстанның дауыстағы үлесі 0,26 пайызға дейін ұлғаяды. Одан басқа, бұл түзетуге сәйкес, Халықаралық Валюта Қорының Атқарушы кеңесі тек сайланатын Атқарушы директорлардан құралатын болды.

Комитет сондай-ақ, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру және исламдық қаржыландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қарады.

Осы заң жобасы исламдық қаржыландыруды одан әрі жетілдіру, жазатайым оқиғалардан қызметкерді міндетті сақтандыру саласындағы өзекті проблемаларды шешу, сондай-ақ қаржы нарығының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсаттарында әзірленді.

Заң жобасы отыз жеті заңнамалық актіге, оның ішінде төрт кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді.

Исламдық қаржыландыруды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар мыналарды көздейді.

Олар: сақтанушыларды өзара қорғау және олардың өзара жауапкершілігі; пайыз түрінде сыйақыны есепке жазуға, алуға немесе төлеуге тыйым салу; темекі, алкоголь өнімін, қару-жарақ пен оқ-дәрілерді өндіруге және олардың саудасына, ойын бизнесіне байланысты қызметті, сондай-ақ сақтандыруға, қайта сақтандыруға немесе қаржыландыруға тыйым салған кәсіпкерлік қызметтің өзге де түрлерін сақтандыруға немесе қаржыландыруға тыйым салу түріндегі исламдық сақтандыру қағидаттарына негізделген ұғым енгізіледі. Ол «исламдық сақтандыру» деп аталды.

Ислам банкілерінің жаңа банк операциясы - «тауар мурабахасы» және «Ислам лизингі» (иджара) ұғымы енгізіледі.

Қызметкердің өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу бойынша мынадай төлемдер көздеу ұсынылады.

Қызметкер кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен бестен жиырма тоғызға дейінгі пайызды қоса алғанға дейін айрылған кезде жұмыс беруші қызметкерге жоғалтылған табысын және денсаулығының зақымдануымен туындаған шығыстарды өтейді. Бұл ретте денсаулықтың зақымдануымен туындаған жұмыс беруші өтейтін шығыстардың мөлшері екі жүз елу айлық есептік көрсеткіштен аспауға тиіс.

Қызметкерге кәсiптiк еңбекке қабiлеттiлiгiнен айырылу дәрежесiн отыздан бір жүз пайызды қоса алғанға дейін белгiлеген кезде оған зиянды өтеу ретінде тиесілі ай сайынғы сақтандыру төлемін сақтандырушы жүзеге асырады. Бұл ретте өтеуге жататын жоғалтылған табысты есептеу үшін ескерілетін орташа айлық табыстың мөлшері ең төмен жалақының он еселенген мөлшерінен аспайды.

Қызметкерге кәсiптiк еңбекке қабiлеттiлiгiнен айырылу дәрежесiн отыздан бір жүз пайызды қоса алғанға дейін белгiлеген жағдайда оның денсаулығының зақымдануымен туындаған қосымша шығыстарды өтеуді сақтандырушы айлық есептік көрсеткіштің бес жүзден бір мыңға дейінгі мөлшерінде жүзеге асырады.

Табысты жоғалтуға байланысты зиянды өтеу жөніндегі төлемдер еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесін белгілеу мерзіміне, бірақ қызметкердің зейнеткерлік жасқа жету мерзімінен аспайтын мерзімге жүзеге асырылады.

Сақтандыру ұйымдарынан төленетін төлемдер Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдер сомасына азайтылатын болады, сондай-ақ сақтандыру төлемдерінен міндетті зейнетақы жарналары ұсталатын және аударылатын болады.

Қаржы нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған өзгерістер мен толықтырулар мыналар:

Банк мәжбүрлеп таратылған жағдайда қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың мүдделерін қорғау мақсатында депозиторларға кепілдік берілген өтем депозит бойынша қалдық сомасында, ол бойынша есебіне жазылған сыйақысыз, бірақ: ұлттық валютадағы кепілдік берілген депозит бойынша он миллион теңгеден, шетел валютасындағы кепілдік берілген депозит бойынша бес миллион теңгеден аспайтын мөлшерде төленеді.

Бұл ретте депозиторда түрі мен валютасы бойынша әртүрлі бірнеше кепілдік берілген депозиті болған кезде он миллион теңгеден аспайтын сомада жиынтық кепілдік берілген өтем төленеді.

Сондай-ақ жекелеген банктерді қайта құрылымдауға, қор нарығын дамытуға және «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ-тың қызметін жетілдіруге бағытталған ережелер көзделген.

Заң жобасы тұтастай алғанда Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді, «Нормативтік құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және басқа заңнамалық актілерге қайшы келмейді.

Екі заң жобасы да Палатаның қарауына жіберілді.