Сенат сайлауында заң бұзушылықтар тіркелмеді - ОСК

АСТАНА. ҚазАқпарат – 14 қаңтар күні өткен ҚР Парламенті Сенат депутаттарын сайлауда заң бұзушылық орын алған жоқ. Бұл туралы ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен сайлауға қатысты қосымша мәлімет бергім келіп отыр. Яғни, дауыс беру күні «Сайлау туралы» Конституциялық заңды бұзу туралы аумақтық сайлау комиссияларынан және таңдаушылардан шағымдар мен арыздар келіп түскен жоқ», - деді Асылбек Смағұлов Орталық сайлау комиссиясының отырысында.

Ал ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров бұл сайлаудың әділ өткендігін білдіретіндігін баса айтты.

«Демек, бұл дауыс берудің, сондай-ақ басқа да сайлау рәсімдерінің сайлау заңнамасының нормаларына сай өткендігіні көрінісі», - деп атап өтті ОСК төрағасы.

Осыдан кейін Орталық сайлау комиссиясы 2023 жылғы 14 қаңтарда өткен ҚР Парламенті Сенатының депутаттарын сайлаудың қорытындыларын анықтау және жариялау туралы, сонымен қатар биыл 14 қаңтарда өткен Астана қаласынан ҚР Парламенті Сенатының шығып қалған депутатының сайлауының қорытындыларын анықтау және жариялау туралы қаулыларды қабылдады.

Бұған дейін ҚР Орталық сайлау комиссиясы ҚР Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауда дауыс берудің алдын ала нәтижелерін жариялағанын хабарлаған едік. Сондай-ақ ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров сайлауда бәсекелестік деңгейі жоғары болғанын жеткізді.