Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметінен хабарланды.
Кездесу барысында Сенат Төрағасы Қазақстан мен Швейцария көптеген аймақтық және халықаралық мәселелердің шешілуі бойынша ортақ көзқарасқа ие екенін атап өтті. Әңгіме кезінде ЕҚЫҰ-ға 2014 жылы Швейцария төрағалық етуі тұрғысындағы өзара іс-қимыл мәселелері қозғалды. Екіжақты парламентаралық үнқатысуды ілгерілету туралы айта келіп, Қайрат Мәми Швейцария Федералдық жиналысының «Швейцария-Қазақстан» ынтымақтастық тобын құру туралы шешіміне қолдау білдірді.
Кездесу барысында өткен жылы шамамен 5,2 миллиард долларды құраған өзара сауда көлемінің оң қозғалысы қанағаттанғандықпен аталып өтілді.
Тараптардың пікірінше, сауда-экономикалық ынтымақтастық әлеуетінің толық ашылуына Қазақстан-Швейцария Іскерлер кеңесінің жұмысы мен Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Швейцария үкіметаралық комиссиясының қызметі ықпал етуі тиіс.