Қ.Тоқаев өз миссиясын аяқтаған Иран Елшісіне табысты жұмыстары үшін ризашылық білдіріп, алғысхат табыс етті. Әңгіме барысында жоғары саяси деңгейдегі Қазақстан-Иран байланыстарының қарқынды дамығаны және парламентаралық үнқатысулар нығая түскені аталып өтілді.
Пәкістан Елшісімен кездесуде Сенат Төрағасы Қазақстан мен Пәкістан парламентшілері арасындағы байланыстарды одан әрі дамыту, сондай-ақ БҰҰ, АӨІСШК, ШЫҰ, ИЫҰ және ЭЫҰ секілді жаһандық және аймақтық ұйымдар аясында екі елдің өзара жемісті іс-қимылын жалғастыру жайында айтты. Қ.Тоқаев Пәкістанның жаңа елшісінің сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдету ниетіне қолдау білдіріп, сондай-ақ Астанадағы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне Пәкістанды белсенді түрде қатысуға шақырды. Өз кезегінде Ш.Мукадам Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы екі елдің өзара тиімді ынтымақтастық үшін зор мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.