Сенат төрағасы Түркия Елшісін қабылдады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның Қазақстандағы Елшісі Невзат Уяныкты оның өтініші бойынша қабылдады.

Бұл туралы ҚР Парламенті жоғарғы палатасының баспасөз қызметі хабарлады.

Жоғарғы палата төрағасы дипломатты Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа сенім грамотасын тапсыруымен құттықтай отырып, екі ел арасындағы ынтымақтастықты ілгерілетуде табыс тіледі. Қ.Тоқаев қазақстандық парламентшілердің Түркия Ұлы Ұлттық Жиналысы депутаттарымен, сондай-ақ түркі тілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясы (ТүркПА) аясында жемісті ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін жеткізді.

Әлемнің көптеген елдерінде орын алған лаңкестік шабуылдар толқынына байланысты, Қ.Тоқаев БҰҰ-ның жетекшілігімен халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы тұрудың бірыңғай жаһандық желісін құру туралы Қазақстан Президенті ұсынысының айырықша өзекті екенін атап өтті. Сенат Төрағасы осы маңызды салада екі ел арасындағы ынтымақтастық пен әрекеттестікке үміт білдірді.