Сенат ҰҚШҰ қауіпсіздік жүйесінің ақпараттық үйлесімділігін қамтамсыз ететін құжатты қабылдады

АСТАНА. 15 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының ұжымдық қауіпсіздік жүйесі күштері мен құралдарының қару-жарағы мен әскери техникасының техникалық және ақпараттық үйлесімділігін қамтамасыз ету туралы Хаттаманы ратификациялау туралы» Заң қабылданды.

Хаттама ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарының құрамына тараптардың ұлттық қарулы күштерінен және басқа да әскерлерінен бөлінген бірлестіктерді, құрамаларды, бөлімдер мен бөлімшелерді қолдануды ұйымдастыру кезінде бірыңғай көзқарастарды іске асыруға бағытталады. Олар міндеттерді орындау кезінде ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын тиімді басқаруды қамтамасыз етуге, олардың техникалық, тылдық және ақпаратты қамтамасыз етуге қажеттіліктерін жедел қанағаттандыру үшін жағдай жасауды көздейді.

ҰҚШҰ біріккен штабы Хаттаманы іске асыру барысында тараптардың ұсыныстары бойынша қару-жарақ пен әскери техника үлгілерінің, олардың техникалық және ақпараттық үйлесімділігін қамтамасыз ететін параметрлерінің және сандық сипаттамаларының тізбесін қалыптастырады. Тізбенің міндетті сипаты бар және ол ҰҚШҰ Қорғаныс министрлері кеңесінің шешімімен бекітіледі.