Сенат тұрғын үй саласын реттейтін ілеспе заңды Мәжіліске қайтарды
АСТАНА. KAZINFORM — Сенат депутаттары заңнаманы «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, кәсіпкерлік және экспорттық-кредиттік агенттіктің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңмен, жаңа «Салық» кодексімен, «Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекске тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңмен сәйкестендіруге арналған үш заңды екі оқылымда қарап, бір құжатты Мәжіліске кері қайтарды.
— Сенаттың тұрақты комитеттері «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, кәсіпкерлік және экспорттық-кредиттік агенттіктің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңдарға қатысты ескертулер мен ұсыныстарын берген жоқ. Осыған орай, Қазақстан Республикасы Конституциясының 61-бабының 4-тармағына сәйкес, Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті жоғарыда аталған 2 заңды мақұлдауды ұсынады, — деді Серік Шайдаров.
Ол тұрғын үй заңнамасын Салық кодексімен сәйкестендіруге арналған ілеспе заңға қосымша түзетулер енгізу қажеттігін айтты.
— «Салық кодексіне және оны қолданысқа енгізу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын Сенат отырысының қарауына енгізеді және Қазақстан Республикасы Конституциясы 61-бабының 4-тармағына сәйкес заңның жекелеген баптарын мақұлдамауды және көрсетілген баптардың жаңа редакциясын ұсына отырып, оны Мәжіліске қайтаруды ұсынады, — деді депутат.
Айта кетейік, бүгін Сенат жаңа Салық кодексін Мәжіліске қайтарды.