Сенат Жоғарғы сот судьяларын қызметінен босатып, бірқатар заңды талқылайды
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін осы аптада екінші рет Сенаттың жалпы отырысы өтеді. Онда сенаторлар бірқатар мәселені қарайды.
Нақтырақ айтқанда, бүгінгі жалпы отырыстың күн тәртібіне мына мәселелер енгізілген:
- Жоғарғы Сот судьяларын қызметінен босату туралы.
- Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы одақтастық қатынастарды тереңдету және кеңейту туралы шартты ратификациялау туралы.
- Қазақстан мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы қарыз туралы келісімді (Қазақстанның инклюзивті экономикасы үшін жеделдетілген цифрландыру жобасы) ратификациялау туралы.
- ҚР кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және медициналық қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы (бірінші оқылым).
- ҚР кейбір заңнамалық актілеріне астананы және республикалық маңызы бар қалаларды, ұлттық жобаларды дамыту, кәсіпкерлік және мемлекеттік органдардың функцияларын оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы (бірінші оқылым).
- ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ҚР қылмыстық заңнамасын оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы (бірінші оқылым).
- ҚР кейбір заңнамалық актілеріне әскери-патриоттық тәрбие, әскери қызмет және жекелеген орталық мемлекеттік органдардың функцияларын қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы (бірінші оқылым).
Жалпы отырыстың күн тәртібіне шығарылған әр мәселе талқыланып болғаннан кейін БАҚ өкілдеріне арналған брифинг ұйымдастырылады. Брифинг барысында тілшілер сауалына мына тұлғалар жауап береді:
1. Дархан Қыдырәлі – ҚР Парламенті Сенатының депутаты;
2. Бибігүл Аққожина – ҚР Парламенті Сенатының депутаты;
3. Айнұр Арғынбекова – ҚР Парламенті Сенатының депутаты;
4. Әлібек Нәутиев – ҚР Парламенті Сенатының депутаты;
5. Марат Қожаев – ҚР Парламенті Сенатының депутаты;
6. Андрей Лукин – ҚР Парламенті Сенатының депутаты;
7. Ермұхамбет Қоныспаев – ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары;
8. Досжан Мұсалиев – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі;
9. Тимур Сұлтанғазиев – ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі;
10. Асан Дарбаев – ҚР Ұлттық экономика вице-министрі;
11. Бауыржан Омарбеков – ҚР Ұлттық экономика вице-министрі;
12. Лаура Мерсалимова – ҚР Әділет вице-министрі;
13. Шайх-Хасан Жазықбаев – ҚР Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары.
Естеріңізге сала кетсек, осы дүйсенбіде өткен Сенаттың жалпы отырысында депутаттар құжаттың жекелеген баптарын жаңа редакцияда ұсынып, оны Мәжіліске қайтарған еді.
Сенаторлар Мәжіліс қабылдаған Кодекске мынадай негізгі бағыттар бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізді:
- шаруа немесе фермер қожалықтарының (ШФҚ) кірістері бойынша жеке табыс салығына (ЖТС) прогрессивті салық салуды енгізу;
- Қазақстан қор биржасы (бұдан әрі – KASE) мен «Астана» халықаралық қаржы орталығының биржасы арасындағы төрелікті болдырмау мақсатында KASE-де бағалы қағаздардың айналысына байланысты азаматтардың табыстары бойынша дивидендтерді ЖТС-тан босату бойынша салық жеңілдігі ұсынылды;
- төлем карточкаларына байланысты операцияларды қосылған құн салығынан (ҚҚС) босату бойынша жеңілдік көзделеді. Қазақстандық банктердің клиенттеріне қызмет көрсету бойынша халықаралық төлем жүйелерімен қиындықтарды болдырмау және карталармен төлем жасау кезінде транзакциялар құнының қымбаттауын болдырмау үшін қолданыстағы жеңілдікті сақтау қажет;
- сән-салтанат заттарына салық салу бойынша жеке нормалар белгіленеді. Жеке тұлғалар ғана сән-салтанат заттарына акциз төлеушілер болады. Бұл ретте автомобильдер, кемелер және ұшу аппараттары сияқты сән-салтанат заттарына салық салу олардың импорты кезінде ғана емес, егер олардың құны шекті сомадан артық болса (автомобильдер үшін – 75 млн теңгеден астам, кемелер мен ұшу аппараттары үшін – 100 млн теңгеден астам), оларды ел ішінде сату кезінде де салық салынады;
– бейрезиденттер үшін мемлекеттік бағалы қағаздармен (МБҚ) жасалатын айналымға байланысты кірістер бойынша қолданыстағы салық жеңілдіктерін сақтау ұсынылды. МБҚ нарығына шетелдік инвесторларды тарту инвесторлық базаны әртараптандыру және бюджет тапшылығын тұрақты қаржыландыру үшін негізгі бағыт болады. Сондықтан МБҚ айналымдарынан бейрезиденттердің кірістеріне салық салуды енгізу капиталдың кетуіне әкелуі мүмкін;
- салық салу объектісіне, салық базасына, салық төлеушілердің (салық агенттерінің) санаттарын ұлғайтуға, шегерімнің немесе жеңілдіктердің күшін жоюға немесе азайтуға қатысты Салық кодексіне өзгерістер ағымдағы жылдың 1 шілдесінен кешіктірілмей қабылданатын және олар қабылданған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан кейін қолданысқа енгізілетін толықтыру ұсынылған;
- мүгедектігі бар адамдар саналатын жұмыскерлер саны кемінде 10 адамды құрайтын кәсіпорындарда тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша айналымдарды ҚҚС-тан босататын норма көзделеді;
- отандық мерзімді баспа басылымдарын өткізу бойынша айналымға 10% мөлшерінде ҚҚС мөлшерлемесі белгіленеді;
- әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өткізу бойынша айналымдарды ҚҚС салудан босату жөніндегі норманы алып тастау ұсынылды.
- Палата жаңа Салық кодексін қарау барысында оның жекелеген ережелерін мемлекеттің, шағын және орта бизнестің, сондай-ақ, қоғамның мүддесін ескере отырып, қайта қарауды ұсынды. Сол арқылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндірушілерді, шағын және орта кәсіпкерлік, қор нарығы субъектілерін және экономиканың басқа да салаларын қолдау көзделген. Алдағы уақытта бүгін қаралған жаңа Салық кодексі Президентіміздің бастамасымен жүргізіліп жатқан реформаларды табысты іске асыруға, ұлттық экономиканы серпінді және тұрақты дамытуға оң септігін тигізеді деп сенеміз, – деген еді Сенат спикері Мәулен Әшімбаев.
Депутаттар екі оқылымда қарап, мақұлдаған келесі заң тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы заңнаманы жетілдіруді көздейді. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, кәсіпкерлік және экспорттық-кредиттік агенттіктің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң ашықтықты арттыруға және көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару жүйесін жетілдіруге арналған. Сондай-ақ кондоминиум объектісін басқарудың екі нысанын енгізу, тұрғын үй инспекциясының құзыреттерін кеңейту және жылыту маусымына инженерлік желілер мен жабдықтарды, мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін лифтілер мен көтергіштерді, өртке қарсы жүйелерді бақылауды қамтамасыз ету мәселелеріне баса мән берілді.
Сондай-ақ сенаторлар «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды да қарап, мақұлдады. Заңдағы маңызды түзетулердің бірі – көппәтерлі үй мүлкінің меншік иелері бірлестігінің төрағасы мен кондоминиум объектісін басқару субъектісі үшін кондоминиум объектісін басқару жөніндегі ай сайынғы және жылдық есептерді ұсыну мерзімдерін бұзғаны үшін жеке жауаптылық енгізу болды. Бұдан басқа, айыппұлдар үйді басқаруды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғаға қолданылады деген ескертпе көзделген.