Сенаторлар Бас прокуратурадан несиелік онлайн-компанияларды тексеруді сұрады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сенаторлар Бас прокуратурадан несиелік онлайн-компанияларды тексеру туралы сұрады. Осы орайда ҚР Бас прокуроры Қайрат Қожамжаровқа бірқатар депутаттардың атынан сауалды Сергей Ершов жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетіне Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының өкілдері жүгініп, займдарды ұсынатын онлайн-компаниялардың қызметін заңнамалық реттеу мәселесін шешіп беру өтінімін жасады. Соңғы кездері қазақстандық қоғам онлайн-займдар бойынша жаңа құбылысты байқап отыр. Аталған қарыздар пайыздық ставка, айыппұл әрі өсімпұл бойынша шектелмеген. Шартқа қол қою рәсімі онлайн-компаниялардың интернет сайтында белгілі бір сілтемелеріне кіру арқылы іске асырылады. Займдар қарыз алушыға қатысты талдаусыз, тексерусіз, нақтылаусыз ұсынылады. Сонымен бірге, қарыз алушы адамда бұрындары несие бойынша теріс мәліметтер болса да, онлайн-компаниялар осы азаматтарға еш кедергісіз несие беруге әзір екендігін жария етуде. Клиенттің деректерін сәйкестендіру шаралары үстіртін жүргізіледі әрі несие кез келген адамға беріле береді. Бұл тұрғыда азаматтың алкогольдік ішімдікке немесе есірткіге масайғаны немесе біреудің қыспағымен алып жатқан жағдайлары ескерілмейді», - деді С. Ершов.

Оның сөзіне қарағанда, займдарды ұсынатын онлайн-компаниялар заңнамалық және мемлекеттік реттеуден тыс қалып отыр, сондай-ақ олардың қызметі мемлекеттік өкілетті органдармен реттелмеуде.

Депутаттың атап өтуінше, онлайн-компаниялардың интернет сайттары несиелік карталар туралы мәліметтерді, сонымен қатар азаматтардың несиелік тарихтары жөніндегі деректерді адамдардың хаттамалық рұқсатынсыз жинақтайды екен.

Осы орайда сенаторлар Бас прокуратурадан аталған онлайн-компаниялардың қызметіне тиісті тексеру жүргізуді сұрады.