Сенаторлар жер қойнауын пайдалануды жетілдіруге арналған заңды қарайды

Фото: senate.parlam.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысы өтеді. Онда сенаторлар бұған дейін Мәжіліс қабылдаған бірқатар заңды талқыға салады. 

Айта кетейік, 1 желтоқсанда Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата бюросының отырысы өтті. Онда депутаттар бүгінгі отырысының күн тәртібін бекіткен еді.

Соған сәйкес алдымен сенаторлар «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне көмірсутектер мен уран саласында жер қойнауын пайдалануды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарайды.

Бұл құжаттарды Мәжіліс 19 қарашада қабылдаған еді. Сол кезде Мәжіліс депутаты Арман Қалықов әріптестері енгізген ең маңызды түзетулерінің бірі ретінде Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы тек мемлекеттің меншігінде болады деген норманы атады.

— Бұл аталған платформаның құрамында стратегиялық маңызды мемлекеттік ресурс саналатын геологиялық ақпараттың болуына байланысты. Сондықтан оның тұтастығын, қолжетімділігін және қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша нормаларды заңда бекітуіміз қажет, — деді ол.

Бұдан бөлек, Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасының жұмыс істеуін қамтамасыз ету геология саласындағы Ұлттық операторға жүктелген. Депутаттар геология саласындағы Ұлттық оператор (Ұлттық геологиялық қызмет) жекешелендіруге жатпайтынын көздейтін аса маңызды түзетуді де енгізді.

Құжат нормалары инвестициялық тартымдылықты арттыруға және мемлекеттің уран саласындағы мүдделерін қорғауға бағытталған. Осыған байланысты заңда аз зерттелген аумақтарда геологиялық зерттеу жүргізу ерекшеліктері белгіленеді. Атап айтқанда, ондай аумаққа жататын учаскелерді қалыптастыру тетіктері, сондай-ақ, аз зерттелген аумақтарда барлау мен өндіруге арналған келісімшарттарды жасасу және шарттарының ерекшеліктері айқындалады.

Сонымен қатар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әкімшілік әділет, норма шығару және заң көмегін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң да палата отырысының күн тәртібіне шығарылды. Бұл заңды Мәжіліс 5 қарашада қабылдады.

Фото: Марат Бәшімов/Facebook

Құжат бойынша негізгі баяндама жасаған депутат Марат Бәшімовтың айтуынша, 2021 жылғы 1 шілдеден бастап елімізде әкімшілік әділет институты жұмыс істейді. Ол бір тарапы мемлекеттік орган болатын жария-құқықтық дауларда азаматтардың құқықтарын соттық қорғаудың жаңа форматы саналады. Әкімшілік әділеттің енгізілуі Мемлекет басшысы бастамашылық еткен сот-құқықтық реформаның басты қадамына айналды және мемлекеттік орган мен азаматтың сот процесінде тең құқықты қатысушылар болуына негізделген жаңа модельге көшуді білдірді.

— Бұған дейін мұндай даулар жалпы юрисдикция соттарында Азаматтық іс жүргізу кодексінің нормалары бойынша қаралып келді. Бұл көбіне тараптардың теңсіздігіне әкелді. Әкімшілік әділет осы теңсіздікті жойып, дәлелдеу міндетін мемлекеттік органға жүктеді және соттың белсенді рөлін қамтамасыз етті. Енді сот өз бастамасымен қажетті дәлелдемелерді сұратуға құқылы, — деді Марат Бәшімов.

Естеріңізге сала кетсек, өткен аптадағы Сенат отырысында «1992 жылғы Шекарааралық су арналары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану жөніндегі конвенцияға Су және денсаулық проблемалары туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заң мақұлданды.

Хаттаманы ратификациялау нәтижесінде су қауіпсіздігі нығайып, трансшекаралық өзендер бойынша ынтымақтастық тиімдірек болады.

Хаттама бойынша елдердің негізгі міндеттемелері:

  • сумен жабдықтау, санитария, гигиена және денсаулық сақтау бойынша нақты және өлшенетін нысаналы көрсеткіштерді белгілеу;
  • сумен байланысты ауруларды қадағалау және олардың ерте алдын алу жүйелерін құру және жетілдіру;
  • ден қою бойынша қажетті ресурстармен қамтамасыз етілген төтенше жағдайларда іс-қимыл жоспарларын әзірлеу;
  • халықты қолданыстағы санитариялық-гигиеналық талаптарға сай сумен қамтамасыз ету бөлігінде ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту;
  • шешім қабылдау процесіне жұртшылықты тарту және су шаруашылығы қызметінің барлық кезеңдерінде халықтың хабардарлығын арттыру;
  • су ресурстарын қорғау және пайдалану, санитария және денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту.
Фото: yandex.kz

Сондай-ақ сенаторлар «Қазақстан Үкіметі мен Ресей Үкіметі арасындағы «Челябі мемлекеттік университеті» жоғары білім берудің федералдық мемлекеттік бюджеттік білім беру мекемесі Қостанай филиалының жұмыс істеуі туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңды мақұлдады.

Сенатор Алтынбек Нұхұлының айтуынша, оқытуды екі елдің жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарына сәйкес қазақ, орыс және басқа да тілдерінде жүргізу көзделеді. Сондай-ақ, Қазақстан тарихы мен философия пәндерін барлық мамандықтар бойынша оқыту қарастырылады.

— Филиал қызметіне мемлекеттік бақылауды тараптардың ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органдары жүргізеді. Білім алушыларды қабылдау және филиалдың қызметіне мемлекеттік бақылау Қазақстан мен Ресейдің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Челябі мемлекеттік университетінің Қостанай қаласындағы филиалына студенттерді оқуға қабылдау Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесі негізінде іске асады. Келісімді ратификациялау филиал қызметін құқықтық реттеуге, студенттер мен оқытушылардың құқықтарын қамтамасыз етуге, сондай-ақ Қазақстан мен Ресей арасындағы білім саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді, — деді депутат. 

Фото: Сенат

Отырыс соңында сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады. Мәселен, Бекбол Орынбасаров еліміздегі лифт паркінің жағдайы сын көтермейтінін айтып, бұл саладағы қордаланған проблемаларды шешу үшін істелуге тиіс бірқатар шараға тоқталып өтті. 

— Лифтілерді қауіпті техникалық механизм ретінде танып, қатаң бақылау шараларын қолдану және ескірген лифтілерді толық ауыстыруға арналған мемлекеттік бағдарламаны іске қосу, өкілеттіліктерді қайта қарау және жаңа әрі тиімді алгоритм жасау үшін ведомствоаралық комиссия құруды ұсынамыз. Сонымен қатар, лифт саласында қауіпсіздікті арттыру үшін мемлекеттік бақылау мен қадағалау органдарының өкілеттіліктерін аудиттен өткізу керек, — деді сенатор.

Сонымен қатар Закиржан Кузиев ауыл шаруашылығындағы өңдеу кәсіпорындары үшін мөлшерлемесі төмен, жеңілдікпен берілетін ұзақ мерзімді кредиттерді және аталған сектордағы айналым қаражатының тапшылығын ескере отырып, маусымдық кредиттеуді енгізу мәселесіне назар аударды. Ал Сәкен Арубаев Абай облысының дамуын тежейтін негізгі факторларды атап өтіп, оларды шешуде қосымша қаржылық қолдау қажет екеніне тоқталды.