Сенаторларға отандық зеңбірек таныстырылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының депутаттары «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» машина жасау кәсіпорнында болып, отандық жаңа зеңбіректі көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа зеңбірек ҚР Парламенті Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева бастаған комитет мүшелеріне таныстырылды.

Қазіргі уақытта зауыт ұңғысы 30 мм болатын отандық «Аңсар» зеңбірегімен қосарланған 7,62 ұңғылы қашықтан басқарылатын пулемет қондырылған 8x8 дөңгелекті «Барыс» бронетранспортерін сынақтан өткізуге кіріскен. Зеңбірек көлік жүріп келе жатқан кезде де көздеген нысанына дөп тигізуге қауқарлы. Ол үшін қашықтағы нысанды дәл көздеп, онымен арадағы қашықтықты тура анықтайтын құрылғымен жабдықталған.

«Бұл қорғаныс техникасы толықтай қазақстандық өндіріс саналады. Бір модульді жасап шығуға алты ай уақыт кетеді. Ал компьютерден аздаған хабары бар кез келген адам бұл техниканы жарты күннің ішінде игере алады», - деді «Weapon System Engineering» ЖШС-нің қару-жарақ жөніндегі директоры Вячеслав Криворог.