«Сергек» камералары құлағы нашар еститін 2 жасар қызға көмектесті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінгі таңда Астанада 10 мыңға жуық камера орнатылып, жұмыс істеуде, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Әсел Жүсіпованың жанұясы үшін әдеттегі серуен келеңсіз  жағдайға соқтыра жаздады.

Оның айтуынша, сол күні балаларымен әдеттегідей серуенге шыққан.

«Қызымыздың құлағы туғаннан-ақ нашар еститін. Сол себепті оған квота бойынша ота жасалған-ды. Ота жасалғанмен, ол есту үшін үнемі белгілі бір процессорларды киіп жүруге мәжбүр. Кеше серуендеп жүргенде қызым бас киімін шешкенде, сол процессорлар құлап қалған болуы керек. Олардың жоғалғанын мен тек  «Қазақстан» концерт залына жеткенде ғана көрдім. Бұдан кейін бірден артқа оралып, құрылғыларымызды іздей бастадық, өтіп бара жатқан азаматтардан сұрадық. Алайда, оларды ешкім көрмепті.

«Санкт-Петербург» бизнес орталығына қарама-қарсы орналасқан тұрақтың маңында қызымыздың бас киімін тапсақ та, аппарат оның ішінде болған жоқ. Кейін жұбайым екеуміз бірден полицияның көмегіне жүгіндік. Біз камералар арқылы аппаратты табамыз деп сендік. Осының нәтижесінде ол бірнеше сағат өтер-өтпесте табылды», - деп баяндады Ә. Жүсіпова.

Бөбектің анасы осы оқиғаға немқұрайлық танытпаған азаматтарға, полиция және «Astana Innovations» қызметкерлеріне айтар алғысы шексіз.

Айта кетейік, бүгінгі таңда қалада 10 мыңға жуық камера орнатылып, жұмыс істеуде. Барлық 13 мың жол камерасы Астанада 1 маусымға дейін іске қосылады деп жоспарланған.