Серік Сәпиев Қарағандыдағы резонансты оқиғадан кейін қызметінен кетті
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Серік Сәпиевтің қатысуымен болған резонансты оқиға, оған байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру кадрлық шешімдермен аяқталды.
Қоғамдық талқылау, қызметтік тексеру және спорт саласындағы басқару жүйесіне жүргізілген аудит аясында Қарағанды облысы әкімдігінде Сәпиев пен оның орынбасары атқарып отырған лауазымдарынан кеткенін хабарлады.
Еске салсақ, Қарағанды облысы полиция департаментінің мәліметінше, екі ер адам арасында алдымен келіспеушілік туындап, ол кейіннен төбелеспен аяқталған.
Оқиғаға байланысты Серік Сәпиев әлеуметтік желідегі парақшасында кеңейтілген пікір жариялады. Ол аталған жағдайдың жеке немесе тұрмыстық сипатта еместігін атап өтті.
Аталған жанжал қоғамдық резонанс тудырып, құқық қорғау органдарының тергеп-тексеру нысанына айналды. Өңірдегі спортты басқару жүйесінде ықтимал заңбұзушылықтар жөніндегі мәлімдемелерге байланысты қызметтік тексеру мен кешенді аудит тағайындалды.
Бүгін Қарағанды облысы әкімдігі Серік Сәпиев пен оның орынбасары қызметтен кеткенін ресми түрде растады.
— Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасында басқарма басшысы Серік Сәпиев пен оның орынбасары Даурен Есімханов өз еркімен атқарып отырған қызметтерінен босатылды, — делінген ресми хабарламада.