Серік Шәпкенов Құлсарыдағы су басқан үйлерді бағалауды екі аптада аяқтауды тапсырды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Құлсары қаласында тасқын су басқан үйлерді техникалық бағалауды екі аптада аяқтауды тапсырды.
Әкімнің айтуынша, Құлсары қаласындағы тұрғын үйлерге тасқын судан келтірілген залал толық көлемде өтеледі.
«Су басқан үйлерге келтірілген залалды анықтау үшін техникалық тексеру және бағалауды екі аптада аяқтау қажет. Үйлерді абаттандыру жұмыстары басталғаннан кейін тұрғындардың ұсыныс-пікірі ескеріледі. Егер тұрғындар үйлерін өз қалауымен жөндегісі келсе, зиянның мөлшеріне байланысты қаражат толық көлемде беріледі. Баспанасы жарамсыз деп танылған тұрғындар үшін сол орынға, не өздері таңдаған жерде типтік жоба бойынша үй салынады. Немесе шығын көлеміне қарай тұрғын үй сатып алынып беріледі», - деді Серік Шәпкенов.
Оның айтуына қарағанда, Құлсары қаласының барлық зардап шеккен тұрғынына көмек көрсетілгенге дейін жедел штаб жұмысын тоқтатпайды.
«Қазір Жайық өзенінде су көтеріліп жатыр. Мұндағы жағдай тұрақталған соң, Құлсары қаласында қалпына келтіру жұмыстарын тексеру үшін ауданға апта сайын келемін»,- деді Серік Шәпкенов.
Еске сала кетелік, бұған дейін Құлсарыда тасқын су басқан 867 үйге техникалық тексеру жүргізілген еді.
Сондай-ақ, Құлсары қаласынан бір күнде 975 тонна қоқыс қалдығы шығарылды.