— Салық реформасы бюджеттің кіріс базасын нығайтудың негізгі факторына айналып, ағымдағы сын-қатерлер жағдайында да түсімдердің елеулі өсімін қамтамасыз етті. Нәтижелер қабылданған шаралардың фискалдық тиімділігінің жоғары екенін және мемлекеттік қаржы тұрақтылығының артқанын көрсетіп отыр. Биыл тоғыз айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке салық түсімдері 19,3 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3 трлн теңгеге немесе 18,2%-ға ұлғайды. Өсудің негізгі драйвері қосымша құн салығы болды. Ол бойынша түсімдер 37,3%-ға өсті, оның ішінде ішкі өндіріс тауарлары бойынша — 54,1%-ға, импорт бойынша — 23,9%-ға, — деді вице-премьер.
Оның айтуынша, елдегі кәсіпкерлік қызмет оң динамиканы сақтап, сондай-ақ сыртқы және ішкі экономикалық өзгерістерге тұрақтылық көрсетіп отыр.
— Бизнестің құрылымдық қайта құрылуы байқалады. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды ескергенде кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы саны 32,5%-ға артып, 3,2 млн-ға жетті. Жалпыға бірдей белгіленген режимде жұмыс істейтін кәсіпкерлердің — қосымша құн салығын төлеушілердің саны 28%-ға өсті. Азаматтардың көлеңкелі экономикадан шығуы үшін жағдайлар жасалды. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар режимінде 981 мың адам тіркелді, олардың 807 мыңы алғаш рет салық есебіне тұрды. 2026 жылғы тоғыз айда 277 мың жаңа кәсіпкерлік субъектісі тіркелген, оның ішінде 34,7 мың заңды тұлға және 242,3 мың жеке кәсіпкер. Осы кезеңде 19,7 мың заңды тұлға және 356 мың жеке кәсіпкер есептен шығарылды. Бұл ретте жеке кәсіпкерді тіркеуді тоқтату экономикалық қызметтің іс жүзінде тоқтауын білдірмейді. Жабылған 356 мың жеке кәсіпкердің 42,6%-ы 2025 жылы табыс таппаған, ал 20,8%-ы өз қызметін жалғастыра отырып, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар режиміне көшкен. Осылайша, бизнес құрылымын сауықтыру және кәсіпкерлердің неғұрлым қолайлы салық режимдеріне көшуі жүріп жатыр, — деді Серік Жұманғарин.
Айта кетейік, биыл 9 айдың қорытындысында ел экономикасының өсуі 4,2 пайызды құрағаны белгілі болды.