Серік Жұманғарин жаңа Салық кодексінің басты кемшілігін атады
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Салық кодексі қабылданғаннан кейін бірінші кезекте қандай түзетулер енгізілуі мүмкін екенін айтты.
Сенаттың жалпы отырысынан кейін журналист Салық кодексі қабылданғаннан кейін қаншалықты тұрақты жұмыс істейтінін сұрады.
— Біз салық кодексіне үнемі өзгерістер енгізіп келеміз. Бұл қалыпты тәжірибе, — деді вице-премьер.
Ол бүгін Сенат Мәжіліске кері қайтарған кодекстің негізгі кемшілігін атады.
— Біз бұл Салық кодексіне салықты әкімшілендіру бағытында бірқатар жүйелік түзетулерді енгізе алмадық, түсінесіз бе? Сондықтан цифрландыру бойынша да түзетулер енгізіп қалуымыз мүмкін. Бірінші кезекте салықты әкімшілендіру бойынша түзетулер енгізуіміз мүмкін. Нақты бір жаңа салық түрін енгізуіміз екіталай. Өйткені жаңа кодекс бойынша салық қалай төленетінін сынайтын кезең керек, — деді Серік Жұманғарин.
Айта кетейік, бүгін Сенат жаңа Салық кодексін Мәжіліске қайтарды.