Сеута маңында қаза тапқан 14 мигранттың мәйіті Мароккодағы ауруханаға жеткізілді

АСТАНА. KAZINFORM — Жерорта теңізінің Африка жағалауындағы Испанияның автономиялық Сеута қаласына заңсыз өтпек болған кезде қаза тапқан 14 адамның мәйіті Марокконың солтүстігіндегі Тетуан қаласындағы аурухананың мәйітханасына жеткізілді. Бұл туралы ТАСС хабарлады.

Фото: Euronews

Мұны Марокконың сот-медициналық қызметі мәлімдеді.

— Қазіргі уақытта сот-медициналық бөлімге Сеута маңында қаза тапқан 14 мигранттың мәйіті жеткізілді. Олардың жартысының жеке басы әлі анықталған жоқ, — деп хабарлады Тетуан ауруханасы.

Hespress ақпарат порталының мәліметінше, қаза тапқандардың бірі — Йемен азаматы. Қажетті сот-медициналық және әкімшілік рәсімдер аяқталғаннан кейін екі адамның мәйіті туыстарына табысталған.

Еске сала кетейік, Испанияның Сеута анклавына заңсыз өткен шамамен 50 мың мигранттың жартысынан көбі Мароккоға қайтарылды.

Соған қарамастан, заңсыз мигранттардың шағын топтары Фнидек жағалауындағы толқын бөгетін айналып өту немесе теңіз арқылы жүзіп өту арқылы Сеутаға жетуді жалғастырып жатыр. Ақпаратқа сәйкес, олар Марокконың қауіпсіздік күштері тарапынан айтарлықтай қарсылыққа тап болмай отыр.

Италия Испаниямен арадағы Шенген келісімінің қолданылуын уақытша тоқтатып, теңіз және әуе шекараларын жапты.